Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Тоқаев Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Бұл жөнінде 2 қарашада Ақорда сайты хабарлады.

Құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі “заңбұзушылықтарға қатысы бар” 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады.

Ақпаратқа қарағанда, қазір Қаңтар оқиғасы бойынша 1100-ден астам адамға сот үкімі оқылған. Басым бөлігінің бостандығы шектелген. 120-дан астам адам түрмеге кесілген. 300-ден астам адам қамау орындарында сот үкімін күтіп отыр. Қаңтарға қатысушыларға рақымшылық қолдану бойынша түпкілікті шешімді әрбір іс бойынша сот қабылдайды.

Бұған дейін құқық қорғаушылар рақымшылық Қаңтар кезінде бейбіт халыққа оқ атқандарды жауаптан жалтаруға жағдай жасайды деп қауіптенген. Себебі, заң жобасы бойынша “қорғану мақсатында” немесе “кездейсоқ адам өлтіру” бабы бойынша айыпталғандар да рақымшылыққа ілінуі мүмкін. “Абайсызда” немесе “қорғану мақсатында” адам өлтірді деген күдікке ілінген қанша адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін деген Азаттық тілшісінің сұрағына өткен аптада бас прокуратура өкілі нақты жауап бере алмаған.

Дегенмен бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев 49 полицейге “билік өкілетін асыра пайдалану”, “азаптау” бойынша айыптар тағылғанын, “қылмысты жасыру” бойынша айыпталған бір полицей ғана рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін айтқан.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда жүріп жатыр. Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне “терроризм”, “жаппай тәртіпсіздік”, “қару-жарақ ұрлау” баптары бойынша айыптап тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.

 

 

Азаттык радиосы

https://www.azattyq.org/a/32112179.html?fbclid=IwAR1_jmGkpEEM5Gi5vZn2WoF0xw0q2xJz_o5kGo2Q438xYFjfJV-ANoYCUh0

Поделись, чтобы люди узнали:
.