14 маусым күні Шымкенттегі Қаратау аудандық сотында прокурор “тыйым салынған ұйымның ісіне араласты” және “полицияны қорлады” деген айыппен алты айдан бері қамауда жатқан азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовтің бостандығын екі жылға шектеп, үш жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына тыйым салуды сұрады. Бұл туралы онлайн режимде сотқа қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.
Прокурор Фараби Айтымбетов Мұхаммедовтің Нұр-Сұлтан соты қызметіне тыйым салған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясының” қызметін үгіттеп, насихаттағаны, полиция қызметкерлеріне “тіл тигізгені” сот тергеуінде арнайы сараптамалар және куәлердің сөздерімен дәлелденгенін алға тартты.
Мұхаммедов “тыйым салынған ұйымның ісіне араласқанын” жоққа шығарды, ал полицияны қорлағанын ішінара мойындайтынын жеткізді.
Мұхаммедов бұған дейін де тағылған айыппен келіспей, екі рет аштық жариялаған. Екі ретте де прокурормен кездескеннен соң аштығын тоқтатқан.
46 жастағы белсенді соңғы бірнеше жылда”саяси тұтқындарға бостандық” талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны “заңсыз митингілерге” қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.
Былтыр қазан айында ол “полицияны қорлады” деп айыпталып, 220 мың теңге (80 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі) айыппұл алған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті “саяси тұтқындар” тізіміне енгізген.
2019 жылдың 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмаған.
Дилара Иса
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.