Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖАҒДАЙЫНА АНАЛИТИКАЛЫҚ ШОЛУ

Кіріспе және әдіснама
Қазақстанда соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау мәселесі қоғамдық және халықаралық мінбелерде жиі талқыланып келеді. Ел билігі құқықтық реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту туралы бастамаларды жарияласа да, өңірлердегі жағдай, азаматтардың күнделікті тіршілігі мүлде басқа мәліметті көлденең тартады.
Мәселен, ресми дискурста сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік институттардың ашықтығын арттыру қажеттілігі жиі естілетін тақырып. Азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар да іс жүзіндегі жағдайдың ресми мәлімдемелерден едәуір ерекшеленетінін айтады.
Бұл сараптама — Қазақстан өңірлеріндегі адам құқықтарының нақты жағдайын талдауға арналған. Зерттеу барысында азаматтардың құқықтық тәжірибесі, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы, сот жүйесіне сенім мен оның ашықтығы және азаматтық белсенділікке байланысты тәуекелдер қарастырылды.
Зерттеу құқық қорғау семинарына қатысушылар арасында жүргізілген сауалнамаларға, өңірлік азаматтық белсенділермен өткізілген сұхбаттарға және жергілікті деңгейде азаматтардың құқықтарын іске асыру тәжірибесін көрсететін нақты кейстерді талдауға негізделеді. Оның негізгі мақсаты — ірі қалалардан тыс аймақтарда азаматтардың негізгі құқықтарының жүзеге асуына кедергі келтіретін негізгі үрдістерді, адам құқықтарының типтік бұзылу жағдайларын және жүйелік тосқауылдарды анықтау.
Зерттеу әдіснамасы келесі компоненттерді қамтиды:
• құқық қорғаушылардың үш күндік семинарына қатысушылар арасында жүргізілген сауалнама;
• өңірлік азаматтық белсенділер мен қоғамдық бақылаушылармен жүргізілген сұхбаттар;
• мемлекеттік платформалар арқылы азаматтардың өтініштерін талдау;
• өңірлік кейстерді зерттеу;
• ашық дереккөздерді талдау.
Зерттеуге Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің өкілдері қатысты. Олардың ішінде Павлодар облысы, Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Шымкент қаласы және басқа да өңірлер бар.
Жиналған деректер өңірлерде құқықтарды қорғау механизмдері көбіне формалды сипатта жұмыс істейтінін көрсетті.
Негізгі қорытындылар мыналарды көрсетеді:
– сот жүйесіне деген қоғамдық сенім төмен деңгейде қалып отыр
– азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуінде бюрократиялық кедергілер кең таралған
– бейбіт жиналыстар бостандығын іске асыру іс жүзінде шектелген
– азаматтық белсенділікке байланысты әкімшілік қысым тәжірибесі байқалады
– әлеуметтік және инфрақұрылымдық проблемалар азаматтардың құқықтарын іске асыру мүмкіндігін төмендетеді.
Зерттеу нәтижелері құқықтық реформалар жүргізіліп жатқанына қарамастан, өңірлерде құқық қолдану тәжірибесі халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сәйкес келмейтінін көрсетеді.
САЯСИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КОНТЕКСТ
Қазақстан адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық келісімдердің қатысушысы болып табылады. Олардың қатарында Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт бар.
2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстан билігі саяси реформалар жүргізу және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын дамыту бағытын жариялады. Алайда зерттеу қатысушыларының пікірінше, өңірлерде азаматтық бостандықтарды іске асыруға байланысты құрылымдық мәселелер әлі де сақталып отыр.
Құқық қорғаушылардың ерекше назарын заңнаманың бірқатар нормаларын қолдану тәжірибесі аударады. Атап айтқанда:
• Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтік алауыздықты қоздыру);
• Қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысу);
• Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы (бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы бұзу).
Құқық қорғаушылардың пікірінше, кейбір құқықтық нормалардың кең және анық емес тұжырымдалуы оларды тәжірибеде «ыңғайлы» бап немесе жазалау құралына айналдыруға мүмкіндік береді.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ ҮРДІСТЕР
СОТ практикасының саясилануы
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың айтуынша, сот жүйесіне деген сенім деңгейі төмен немесе мүлде жоқ. Көптеген қатысушылар сот шешімдерінің әділдігіне күмән келтіретінін айтты.
Зерттеу нәтижелері сот жүйесіне қатысты бірнеше маңызды проблеманы көрсетті. Негізгі мәселелер:
• сот шешімдерінің әділетсіздігі мен кінәсіздік презумпцияның сақталмауы
• әкімшілік істердің жылдам және кейде түнде өтуі
• адвокаттарға толық қолжетімділіктің болмауы немесе құқық қорғау органдарына ыңғайлы адвокаттардың берілуі
• сот шешімдері кейде болжамды сипатқа ие болуы
• саяси жабық соттар
Кейбір азаматтардың пікірінше, саяси немесе қоғамдық белсенділігі бар адамдарға қатысты істерде соттар көбіне мемлекеттік органдардың ұстанымын қолдайды. Ал әкімшілік істердің өте қысқа мерзімде қаралуы, айыпталушыларға өз құқықтарын толық қорғауға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдай сот жүйесіне деген сенімнің төмендеуіне әсер етеді.
Халықаралық құқық стандарттарына сәйкес әрбір азамат әділ және тәуелсіз сот талқылауына құқылы. Бұл қағида БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактта бекітілген. Алайда тәжірибеде бұл қағидалардың толық іске асырылуы әрқашан байқала бермейді.
Сөз бостандығы және азаматтық белсенділерге қысым
Зерттеуге қатысқан бірнеше респондент азаматтық белсенділерге түрлі қысым көрсету фактілерін де атап өтті. Әсіресе, 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстандағы құқықтық ортада қысымға қарай бағытталған өзгерістер көбейген.
Сауалнамаға қатысқандар айтқан ең жиі кездесетін тәжірибелер:
• әкімшілік айыппұлдар салу;
• қоғамдық акцияларға қатысқаннан кейін бақылауға алу;
• жергілікті билік тарапынан бейресми қысым көрсету
• профилактикалық «әңгімелерге» шақыру
Бұл жағдай бейбіт жиналыстар бостандығының шектеулі екенін көрсетеді.
Респонденттердің бірі «Митингілерге қатысқаннан кейін мені бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осыдан кейін қоғамдық акцияларға қатысуымды азайтуға мәжбүр болдым»,- дейді.
Тағы бір респондент былай дейді: «Шағын қалаларда бәрі бір-бірін таниды. Қандай да бір қоғамдық белсенділік болса, ол жергілікті билікке бірден белгілі болады».
Белсенділердің пікірінше, мұндай жағдайлар азаматтар арасында өзін-өзі цензуралаудың таралуына ықпал етеді.
Бейбіт жиналыстар бостандығының шектелуі
Бейбіт жиналыстар туралы заңнама реформаланғанына қарамастан, белсенділердің айтуынша, тәжірибе жүзінде наразылық акцияларын өткізу әлі де қиын. Негізгі мәселелер:
• жергілікті атқарушы органдардың митингілерді келісуден жиі бас тартуы;
• әкімшілік санкцияларды қолдану;
• ұйымдастырушыларға қысым көрсету.
Әлеуметтік-экономикалық құқықтар
Зерттеу барысында әлеуметтік-экономикалық құқықтарға қатысты мәселелер де кеңінен көтерілді.
Олардың ішінде:
• инфрақұрылымның жағдайы;
• медициналық қызметтердің қолжетімділігі;
• экологиялық жағдай;
• коммуналдық қызметтердің сапасы.
Сауалнама нәтижелері бойынша өңірлерде азаматтарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – инфрақұрылымның нашарлығы. Ең жиі айтылған проблема – жолдардың сапасы. Кейбір елді мекендерде көшелер ондаған жылдар бойы жөнделмеген, орталық су жүйесі орнатылмаған, көшелерде жарықтандыру жеткіліксіз, интернет сапасы төмен. Көп жерлерде жарық тек орталық көшелерде ғана бар.
Мысалы, Алматы облысындағы бұрынғы Жетіген ауылында тұрғындар ондаған жыл бойы асфальтсыз көшелерде тұрып келеді.
«Ауылымызда ұзындығы шамамен 25 шақырым болатын жол құрылысы көптеген жылдар бойы аяқталмай келеді»,- дейді тағы бір өңірден келген қатысушылардың бірі.
Ал тағы бір респонденттің пікірінше, «Адамдар жылдар бойы өтініш жазады, бірақ мәселе шешілмейді. Кейде ешкім жауапкершілік көтермейтіндей көрінеді».
Жергілікті белсенділер әкімдікке бірнеше рет өтініш бергенімен, нәтижесінде тек уақытша шаралар – қиыршық тас төсеу сияқты жұмыстар ғана жүргізілген.
Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде негізгі жолдардың бір бөлігі әлі күнге дейін салынбаған. Жөнделген көшелердің өзі сапасыз асфальтпен жабылғаны туралы шағымдар бар.
Шымкент қаласында да тұрғындар жолдардың жаяу жүргіншілер мен мүгедектігі бар адамдар үшін қолайсыз екенін атап өтті.
Мұндай жағдайлар ауыл тұрғындарының өмір сапасын төмендетеді және әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді.Ауыл тұрғындарының үміті мен мемлекеттік институттардың мүмкіндіктері арасындағы алшақтықты күшейтеді.
Өңірлердегі азаматтар әлеуметтік құқықтардың орындалуына қатысты да бірқатар мәселелерді көтерді.
Ауылдық жерлерде еңбекақы деңгейі төмен күйде. Мысалы, кейбір өңірлерде ауыл тұрғындарының орташа жалақысы шамамен 150 мың теңгені құрайды.
Петропавл сияқты дотациялық өңірлерде кедейшілік деңгейі жоғары екені атап өтілді.Сондай-ақ азаматтар:
• жалақы берешегі
• өндірістегі еңбек қауіпсіздігі
• медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі
• дәрі тапшылығы
сияқты проблемаларды атап өтті.
Бұл жағдай әлеуметтік саясаттың өңірлік деңгейде тиімді жүзеге асырылмай отырғанын көрсетеді. Экономикалық қиындықтар азаматтардың құқықтарын қорғауға белсенді қатысу мүмкіндігін шектейді.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖАҒДАЙЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Зерттеу нәтижелері Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы өңірлерге қарай айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді.
Ірі қалаларда азаматтық белсенділердің медиаға, құқықтық көмекке және құқық қорғау ұйымдарының қолдауына қол жеткізу мүмкіндігі көбірек.
Ал шағын қалалар мен ауылдық аймақтарда азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері әлдеқайда шектеулі.
Респонденттердің айтуынша, шағын елді мекендерде белсенділер жергілікті билік тарапынан бейресми қысымға жиі ұшырайды, себебі мұндай жерлерде әлеуметтік байланыстар мен әкімшілік құрылымдар бір-бірімен тығыз байланысты.
Сондықтан көптеген азаматтар қоғамдық белсенділікке қатысудан бас тартады немесе сақтық танытады.
Батыс Қазақстан облысында ҮЕҰ тіркеудегі кедергілер
Зерттеу нәтижелері өңірлерде азаматтық қоғамның дамуы бірқатар институционалдық және әкімшілік тосқауылдарға тап болатынын көрсетеді.
Олардың қатарында:
• қоғамдық ұйымдарды тіркеудің күрделі рәсімдері ме тіркеуден бас тарту;
• қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстардың шектеулілігі;
• азаматтық белсенділерге қысым көрсету.
Зерттеуге қатысқан Орал қаласының бір тұрғыны үкіметтік емес ұйымды тіркеу барысында кездескен қиындықтар туралы айтты. Оның айтуынша: «Ұйымды тіркеу үшін тапсырылған құжаттарды бірнеше рет қайтарды. Әр жолы жаңа ескертулер айтылды. Соның салдарынан тіркеу процесі бірнеше айға созылып келеді».
Ал тағы бір сауалнамаға қатысушы бірнеше жылдан бері үкіметтік емес ұйымды тіркете алмай келеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бюрократиялық рәсімдер өңірлерде жаңа қоғамдық бастамалардың пайда болуын қиындатады.
Индустриялық өңірлердегі экологиялық мәселелер
Екібастұз қаласының тұрғындары ашық тәсілмен көмір өндірумен байланысты экологиялық мәселелердің күрделі екенін атап өтеді.
Респонденттердің айтуынша, көмір шаңы тұрғын үйлерге жиі қонады және түнгі уақытта көше жарықтары жанғанда ерекше байқалады.
Түскен шағымдарға ресми органдар экологиялық жағдай белгіленген нормаларға сәйкес келеді деп мәлімдейді.
«Е-Өтініш» жүйесі және цифрлық бюрократия
Зерттеу барысында жиі көтерілген мәселелердің бірі — мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерін қарауындағы формализм.
Респонденттердің айтуынша, ресми платформалар арқылы жіберілген көптеген өтініштер көбіне формалды жауаптармен аяқталады, ал нақты мәселелер шешілмей қалады.
Мәселен, соңғы жылдары мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін «Е-Өтініш» жүйесін енгізді. Алайда зерттеу нәтижелері бұл жүйе азаматтардың проблемаларын шешу құралына емес, формалды жауаптар беру механизміне айналғанын көрсетеді.
Сауалнамаға қатысқан 20 адамның 17-сі мемлекеттік органдардан тек стандартты жауаптар алатынын айтты. Жиі кездесетін проблемалар:
• ақпараттың жабықтығы
• жауаптардың бір-біріне қайшы болуы
• шешім қабылдау мерзімдерінің үнемі кейінге қалдырылуы
• нақты жауаптың болмауы
Алматы облысындағы бір ауылда балалар алаңын салу мәселесі бойынша әкімдік әртүрлі жауап берген. Алғашында бюджет қаражаты күтіліп отырғаны айтылса, кейін бұл жоба инвесторға берілгені хабарланған.
Тағы бір мәселе ақпараттың жабықтығы
Зерттеу барысында жергілікті басқару жүйесінде ақпараттың жабықтығы жиі кездесетін мәселе ретінде аталды. Мысалы, кейбір өңірлерде жер телімдерінің бөлінуі, инфрақұрылымдық жобалар немесе бюджет қаражатын пайдалану туралы ақпарат тұрғындарға толық берілмейді немесе әкімдік өкілдері ауызша бір нәрсе айтып, ресми құжаттарда басқа мәліметтер көрсетеді.
Бұл мысал жергілікті билік шешімдерінің ашықтығы төмен екенін көрсетеді әрі бұнда жағдай азаматтардың мемлекеттік институттарға және құқықтық жүйеге деген сенімге селкеу түсіреді.
ОСАЛ ТОПТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Зерттеу барысында халықтың осал топтарының құқықтарын қорғауға байланысты бірқатар мәселелер анықталды. Атап айтқанда:
• мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қалалық инфрақұрылымның жеткіліксіз бейімделуі;
• медициналық қызметтердің шектеулі қолжетімділігі;
• осал топтармен жұмыс істейтін белсенділерге қысым көрсету тәуекелі;
• ЛГБТИК+ қауымдастығы өкілдерінің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелері көтерілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар
Сауалнама мен сұхбаттарға қатысушылардың айтуынша, бірқатар өңірлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Екібастұз, Орал және басқа да қалаларда қоғамдық ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының көпшілігі тиісті стандарттарға сәйкес бейімделмеген.
Қатысушылардың бірі Орал қаласында пандустардың жеткіліксіздігі және қоғамдық көлік аялдамаларына кіреберіс жолдардың қолайсыздығы мүмкіндігі шектеулі адамдардың күнделікті өмірін қиындататынын айтты. Оның айтуынша, бұл мәселелер бойынша жергілікті билікке бірнеше рет ресми өтініштер жолданған.
Ұқсас жағдай Екібастұз қаласында да байқалады. Қалада жаңа ғимараттар заманауи талаптарға сай салынып жатқанымен, ескі нысандардың көпшілігінде қолжетімділік стандарттары сақталмаған. Қатысушылардың айтуынша, кейбір мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық нысандар да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық бейімделмеген.
ЛГБТИК+ қауымдастығы
Зерттеу барысында ЛГБТИК+ қауымдастығы өкілдері де өз алаңдаушылықтарын білдірді. Қатысушылардың пікірінше, соңғы жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістер бұл топтың құқықтық және әлеуметтік жағдайына, жалпы қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
Респонденттердің айтуынша, «ЛГБТ пропагандасын» шектеуге бағытталған заң қоғамдық кеңістікте ЛГБТИК+ тақырыптарын талқылау мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Қауымдастық өкілдері мұндай жағдай әсіресе жасөспірімдер арасында стигма мен буллингтің күшеюіне әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
Сонымен қатар қатысушылардың кейбірі ЛГБТИК+ адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған білім беру және ақпараттық жобаларды дамыту қажеттігін атап өтті.
ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖҮЙЕЛІК СЕБЕПТЕРІ
Зерттеу нәтижелері адам құқықтарының бұзылуына әсер ететін бірнеше жүйелік факторды көрсетті:
— мемлекеттік басқару жүйесіндегі бюрократиялық мәдениет – мемлекеттік органдардың жабықтығы
— сот жүйесіне қатысты қоғамдық сенімнің әлсіздігі
— азаматтық қоғам институттарының шектеулі мүмкіндіктері
— құқықтық сауаттың төмен деңгейін.
Бұл факторлардың жиынтығы өңірлердегі құқықтық жағдайдың күрделенуіне әсер етеді. Нақтырақ айтсақ, жергілікті билік органдарының жабықтығы салдарынан өңірлік деңгейде қоғамдық бақылау тетіктері әлсіз дамыған.
Азаматтардың өтініштерін қарау жүйесіндегі бюрократия формализмге, ал формализм азаматтардың құқықтық қорғанысын әлсіретеді.
Көптеген азаматтар өз құқықтарын қорғау тетіктері туралы жеткілікті ақпаратқа ие емес.
Азаматтық қоғамның әлсіз дамуы салдарынан өңірлерде тәуелсіз қоғамдық ұйымдардың саны шектеулі болып қала береді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Зерттеу нәтижелері Қазақстан өңірлеріндегі адам құқықтары жағдайының біркелкі емес екенін және көп жағдайда жергілікті контекстке тәуелді екенін көрсетеді.
Саяси реформалар туралы жарияланған мәлімдемелерге және халықаралық міндеттемелерге қарамастан, өңірлік деңгейде азаматтардың құқықтарын толық іске асыруға кедергі келтіретін институционалдық және әкімшілік тосқауылдар сақталып отыр.
Негізгі проблемалар:
• сот жүйесіне сенімнің төмендігі;
• құқықтық қорғауға тиімді қолжетімділіктің шектеулілігі;
• азаматтық белсенділерге қысым көрсету;
• бейбіт жиналыстар құқығын іске асырудағы қиындықтар;
• азаматтық қоғамның дамуына әкімшілік кедергілер;
• әлеуметтік-экономикалық мәселелер;
• осал топтың проблемалары.
Бұл мәселелерді шешу үшін құқықтық реформаларды тереңдету және мемлекеттік басқару мәдениетін өзгерту қажет.
ҰСЫНЫСТАР (POLICY RECOMMENDATIONS)
Қазақстан билігі үшін
• жергілікті атқарушы органдар қызметінің ашықтығын арттыру;
• азаматтардың өтініштерін тиімді қарау жүйесін қамтамасыз ету;
• бейбіт жиналыстар құқығын толық іске асыруды қамтамасыз ету;
• мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін инфрақұрылым қолжетімділігін жақсарту.
Азаматтық қоғам үшін
• өңірлік құқық қорғау желілерін дамыту;
• азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Халықаралық ұйымдар үшін
• адам құқықтары жағдайына тәуелсіз зерттеулерді қолдау;
• өңірлік құқық қорғау бастамаларын күшейту;
• құқық қорғаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаларды дамыту.

 

Сәния Тойкен,  журналист, зерттеуші, құқық қорғау саласындағы сарапшы

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Тойкен СанияБольше записей в Тойкен Сания »

Обсуждение закрыто.

.