Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қамаудағы Думан Мұхамедкәрім өз-өзіне қол жұмсамақ болған

Қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрім түрмедегі жағдайына президент пен құзырлы органдардың назарын аудару үшін суицид жасамақ болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұл туралы ол Тоқаевқа жазған ашық хатында баяндаған. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін бірнеше рет аштық жариялап, қолын кессе де биліктің назарын өзіне аударта алмаған.

– 22.06.2023ж. күннен бері заңда көрсетілгендей тұрғылықты мекен-жайым бойынша емес, Талдықорғандағы №77 (ТИ-16) мекемесінде заңсыз қамауда отырмын. Бірнеше рет аштық жарияладым, қолымды кестім. Бірақ страус тұрысын ұстанған тоталитарлы жүйенің назарын аудара алмадым, – дейді журналист.

Думан Мұхамедкәрім хатында өзі қамауда отырған Талдықорғандағы N71 мекемесі мен бұған дейін қамауда болған Алматы облысындағы Талғар және Есік қаласы мен Іле ауданындағы уақытша оқшаулау мекемелеріндегі тамақ, жатар орын, дәретхана, душ мәселелерін қозғаған. Ол қамаудағы адамдарды былай қойып, сол жерде күзет болып істейтін қызметкерлердің өзі адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтады.

– Мен отырған үш уақытша оқшалау мекемесінде әжетхана да, душ та бар. Ә, ия бұл зындандарда тіпті кір жуатын машиналарды қойып  қойған екен. Обалы не?! «Кір жуамын немесе өзім жуынамын» десең, аптасына бір-екі рет апарып тұрады. Бірақ шыққанда жуған киіміңнен де, ысқылап жуған денеңнен де қи сасып тұрады. Малдың қиы болса көрім дерсің. Адамның нәжісі үстіңнен де, киіміңнен де мүңкіп шығып тұрады. Өйткені кір жуатын машина қызметкерлерге (түрме қызметкерлері) арналған әжетхана мен душ бір бөлмеде орналасқан. Су кететін кәріздік құбырлары бір жүйеге жалғанған. Ол-ол ма? Гений сантехниктер камералардағы қол жуғыш құбырларын тікелей унитазға жалғапты. Бәлкім олар: «Бәрі бір құбырға ағады емес пе?!»- деп ойласа керек. Осы оңтайлы шешімнің арқасында бүкіл қол жуғыш және бүкіл камера боқ-сідік сасып тұрады, – делінген хатта.

Еске салайық, Думан Мұхамедкәрім 20 наурызда Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырғанда журналист аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді.

2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

Бұдан бұрын адвокат Ғалым Нұрпейісов Әблязовпен сұхбаты үшін журналист жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтқан.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхамедкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынды

2 маусымда журналистің тергеу изоляторында тағы да аштық жариялағаны белгілі болды.

Көп ұзамай оның әкесі әкесі Алмаз Тілепов те ас-судан бас тартатынын мәлімдеді. Іле аудандық прокуратурасына барған Думан Мұхамедкәрімнің ата-анасы ұлдарының заңсыз ұсталып отырғанын, денсаулығы нашарлағанын айтып, оны босатуды талап етті.

Кейіннен Думан Мұхамедкәрімнен “Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік” (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алынып жатқаны хабарланған. Оның үйінде тінту жүргізілді. 

Бұдан бұрын журналистің жағдайы күрт нашарлағаны хабарланған еді.

Думан Мұхамедкәрімнің Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатын мына сілтемеден көруге болады.

 

“Улысмедиа.кз”

 

https://qaz.ulysmedia.kz/news/10361-adam-tozgisiz-zhagdai-kamaudagy-duman-mukhametk-rim-oz-ozine-kol-zhumsamak-bolgan/

Поделись, чтобы люди узнали:
.