Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Алматы белсенділері “25 қазандағы митингі” алдында қамалғандарды босатуға шақырды

23 қазанда Алматыда қалалық прокуратура ғимаратының алдына 35-тей адам жиналып, “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бойынша қамауға алынған белсенділерді босатуды талап етті. Олар “10-ға жуық белсенді жазықсыз қамалды” деп санайды.

Азаттыққа айтуларына қарағанда, жиналғандар осы мәселе бойынша прокуратураға бесінші рет келген. Олардың бір бөлігі прокуратура ғимаратына кіріп, арыздарына жауап беруді сұрады. Олармен прокурордың көмекшісі сөйлесті.

Прокурордың көмекшісі белсенділерге “қамалғандардың өзі арыз жазсын, оларды қамау туралы шешімді сот шығарды, сотқа шағымданыңыздар” деген. Мұны Азаттыққа Алматы мәслихатының депутаты Еркін Рақышев айтты.

Қазақстанда кейінгі күндері оппозициялық көзқарастағы белсенділерді билік түрлі себептермен ұстап, кейбірін әкімшілік қамауға алған.

Өткен аптада Алматыда бірнеше белсенді сот шешімімен 15 күнге әкімшілік қамауға алынған. Сот Дархан Уәлиев, Нұртай Шегебекұлы, Марат Мусин мен Бесжан Төлеубекұлын биыл 19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезіндегі “Алматы әуежайын басып алу” ісі бойынша сотталған белсенділерге қолдау білдіріп, олардың апелляция шағымын қарап жатқан қалалық соттың алдында өзгелермен бірге “рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны” үшін айыпты деп таныған.

Белсенді Асан Жақыпбеков 5 мамыр күні Алматы қалалық әділет басқармасына оппозициялық “Алға, Қазақстан” партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшесі екенін “растауға барғанда” қамалған. Сот оны да 488-бап бойынша 15 күнге қамаған.

20 қазанда Семей қаласының әкімшілік соты жергілікті тұрғын Елдос Досановты “полицияның заңды талабына бағынбағаны үшін” 7 тәулікке қамады. Елдос Досанов – тіркелмеген “Алға, Қазақстан” партиясының мүшесі. Ол “өзіне қарсы әкімшілік іс саясиланды” деп санайды.

Құқық қорғаушылар Қазақстан аймақтарындағы ұстаулар мен қамауларды 25 қазанға жоспарланған митингімен байланыстырады. Бұған дейін шетелде жүрген оппозионер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қазанда митингіге шығуға шақырған.

Алмты прокуратурасына келгендерді полиция бақылап тұр. Алматы, 23 қазан 2023 жыл

Азаттык Радиосы

https://d3l615zbb7ye3q.cloudfront.net/a/32649685.html

Поделись, чтобы люди узнали:
.