Қаңтардағы шеруде «Жаңаөзенді қолдайық! Шал, кет!» деп ұрандаған белсенді Молдабай Сәдібековті сот үш жылға түрмеге қамады

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына қатысқан белсенді Молдабай Сәдібековті «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» деген айыппен үш жылға түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Белсенді сот үкімімен келіспейтінін, апелляцияға шағым беретінін айтады. Молдабай Сәдібеков – Қаңтар оқиғасына байланысты жауапқа тартылған белсенділердің ішінде түрме жазасын алған алғашқы адам.

ҮКІМ

6 маусым кешке судья Мадияр Әбдірасилов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігі («Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру») бойынша айып тағылған шымкенттік белсенді Молдабай Сәдібековті қылмысқа кінәлі деп танып, үш жылға бостандығынан айыруға үкім шығары. Сот белсендіге 380-бап («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша айып қате сараланып, негізсіз тағылғанын айтып, ол айыпты алып тастады.

– Тағылған айып өз дәлелін тапты, қылмыс жаппай тәртіпсіздік кезінде жасалған. Бір оқиға екі баппен сараланған соң, «Билік өкіліне күш қолдану» бабын алып тастадық, – деді үкімді түсіндірген судья.

Үкімге сай, Сәдібеков жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуі тиіс. Сот 10 қаңтардан бері тергеу абақтысында отырған айыпталушының қамаудағы әр күні бір жарым күнге есептелетінін хабарлады.

Сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тарап апелляция шағымын беруге құқылы.

Молдабай Сәдібеков «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айыпты мойындамайды, сот үкімімен де келіспейді. Ол 5 қаңтарға қараған түні жаппай наразылыққа бейбіт митинг деп барғанын, билікке талабын айтып, видеоға түсіргенін, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын, қылмыстық істе жәбірленуші деп танылған билік өкілі – полиция қызметкерін ұрмағанын айтты.

–Үкіммен келіспейміз. Апелляция шағымын береміз, – деді Сәдібековтің адвокаты Гүлнәр Алтыбай.

«ШАЛ, КЕТ!», «ЖАҢАӨЗЕНДІ ҚОЛДАЙМЫН!»

Прокурор Құндыз Қаратаева жарыссөзде «сот тергеуі барысында іс жан-жақты қаралып, талқыланды» деді. Мемлекеттік айыптаушы «Сәдібеков қала әкімдігі алдындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, «Шал, кет!», «Жаңаөзенді қолдайық! Жаңаөзен, алға!» деп ұрандап, жұртты көшеге шақырған, оқиға кезінде Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерін ұрып, үшінші қылмыс жасаған» деп санайды.

– Өте сорақы қылмыс. Қоғамға, мемлекеттің тұтастығына, оның егемендігіне қауіп төндірді. Қылмыс қасақана әрі салқынқандылықпен жасалған, – деді прокурор.

Ол соттан Сәдібековті «жаппай тәртіпсіздік жасады» және «билік өкіліне күш қолданды» деген айыптар бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бостандығынан айырып, жазасын өтеуге қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне жіберуін сұрады.

Айыпталушы мен оның адвокаты Гүлнәр Алтыбай прокурордың сөзіне келіспеді. Адвокат тергеу органдарының Сәдібековке әуелі Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі», «Бұзақылық», «Ғимараттарға, құрылыс нысандарына шабуыл жасау», «Билік өкіліне күш қолдану» және «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» деген бес бабымен айыптар таққанын айтты. Дәлелдер жеткіліксіз болған соң іс қайта сараланған.

– Тағылған айыппен ішінара келісеміз. Сотқа дейінгі тергеуде де, сот талқылауында да тағылған айып дәлелін таппады. Мемлекетке де, жәбірленуші деп танылған полиция қызметкеріне де материалдық залал келтірмеген. Жалпылама айып тағылған. Сәдібековтің 5 қаңтарға қараған түні бейбіт митингіге барып, айқайлап, видео түсіргені рас. Одан артық әрекетке бармаған. Полицейді оң жақ құлақ астынан ұрды дегенімен, сот-медицина сараптамасы қорытындысында оның екі көзі қанталап көгергені, мұрны жарақаттанғаны жазылған. Басынан жарақат алған болса, неге медицина сараптамасы қорытындысында көрсетілмеген? Айып артық, негізсіз, – деді адвокат жарыссөзде.

Қорғаушы соттан Сәдібековке 272-баптың 3-тармағы («Жаппай тәртіпсіздікке шақыру») бойынша тағылған айыпты алып тастауды, «Билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша кінәсі жоқ болғандықтан белсендіні ақтауды, тек «жаппай тәртіпсіздікке қатысқан» (272-баптың 2-бөлігі) деп тануды сұрады. Адвокат судьядан айыпталушының кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, бостандығынан айырмай, балама жаза тағайындауды өтінді.

Сәдібеков жарыссөзде адвокатының айтқанымен келісетінін, бейбіт митингіге шыққанын растап, бірақ оның аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласады деп ойламағанын айтты.

– «Шал, кет!» дедім, Жаңаөзен халқын қолдадым. Оны мойындаймын, – деді Сәдібеков сот тергеуінде.

Жәбірленуші деп танылған Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкері Марат Алтынбеков сот процесіне тек бір рет қатысты. Ол Сәдібековті бұрыннан танитынын, жаппай тәртіпсіздік кезінде белсенді жанына келіп, оң жақ шықшыты тұсынан ұрғанын айтты. Полиция қызметкері содан кейін сот процесіне қатысқан жоқ, үкімді тыңдауға да келмеді.

«ШЕБЕРХАНАСЫ ҚАҢЫРАП ҚАЛДЫ»

51 жастағы Молдабай Сәдібеков – бес баланың әкесі. Осыдан үш жыл бұрын мүгедек баласы қайтыс болған. Үш баласы әлі кәмелетке толмаған.

Қолөнер шебері Молдабай Сәдібеков тапсырыспен қазақтың ұлттық музыка аспаптарын, көбіне домбыра, қобыз жасайды. Әйелі Индира Телқожаева жұбайының үкім шыққан сәтке дейін, «сот мені түрмеге қамамайды» деп үміттенгенін айтады.

 Молдекеңнің мінезі аңғал, ақкөңіл, сенгіш қой. Соттамайды деп соңына дейін сенді. Алғашында «терроризм» бабымен айып таққанда таң қалды. «Терроризмнің не екенін білмеймін» деді. Мынау – шеберханасы, қазір қаңырап бос қалды. Анау тұрғандар – бітпей қалған домбыра, қобыздары. Аға-інілерімен, шәкірттерімен бірге жұрттан тапсырыс алып, жұмыс істейтін. Құрал-сайманын жинап қойдық. Қамауға алынған кезден бастап ағайын-туыс, шәкірттері келіп, көмектесіп отырды, – дейді күйеуінің шеберханасын Азаттық тілшісіне көрсеткен Сәдібектовтің әйелі.

Жұбайының сөзінше, Молдабай Сәдібеков шамамен 10 жыл бұрын тіл, жер мәселесін көтеріп, көпшілік шараларға қатыса бастаған. Ол 2019 жылы Қазақстанның басқа қалаларымен бірге Шымкентте өткен «Қытай экспансиясына» қарсылық акциялары кезінде белсенділігімен көзге түсті.

Кейінгі екі жылда Сәдібеков Шымкентте өткен түрлі наразылық акцияларына қатысып, көптің алдында ой-пікірін ашық айтып жүрді.

Қаңтарда Жаңаөзендегі сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы жаппай наразылық елдің өзге өңірлеріне де тарап, оның аяғы жаппай тәртіпсіздік пен тәуелсіз ел тарихында бұрын болмаған үлкен қантөгіске ұласты.

Ресми ақпарат бойынша, Қаңтар оқиғасында кемінде 238 адам қаза тапты. Шымкентте 20 адам қаза болып, 120-дан аса адам жараланған.

Молдабай Сәдібеков 4 қаңтарда түске жақын қала әкімдігі маңындағы «Метро» сауда орталығы алдына келіп, Жаңаөзендегі наразыларды қолдайтынын білдірген. 5 қаңтарға қараған түні Шымкенттің орталығында басталып, қала әкімдігінің алдында жалғасқан жаппай наразылыққа қатысқан.

10 қаңтарда полиция Молдабай Сәдібековті үйінен әкетіп, қамады. Белсендінің ісі бойынша сот 3 мамырда басталды.

«Қолдамасақ, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы қайталанады. Қырады, соттайды, кінә артады. Қымбатшылықты қолдан жасап жатыр: газдың, бензиннің қымбаттауынан басталады. Сол үшін шырылдап шықты» деген еді Молдабай Сәдібеков қаңтарда Жаңаөзендегі бейбіт наразылық акциясына үн қосып, Шымкентте билікке талабын айту үшін көшеге шыққан кезде Азаттық тілшісіне.

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың жетеуі – қоғамда белсенділігімен көзге түсіп жүргендер.

Бұған дейін Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты белсенді Ерғали Құлбаевты «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен кінәлі деп танып, 4 жылға шартты жаза кескен. Сот залынан босатылған Құлбаев үкіммен келіспей, апелляцияға шағым түсірді.

Қаңтар оқиғасынан кейін "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша айып тағылған белсенді Молдабай Сәдібеков (ортада) Әл Фараби аудандық сотында отыр. Шымкент, 3 мамыр 2022 жыл.

Азаматтық белсенді Молдабай Сәдібеков (ортада) қызымен сөйлесіп тұр. Әл Фараби аудандық соты, Шымкент, 12 мамыр 2022 жыл.

Дилара Иса Азаттык радиосы

https://www.azattyq.org/a/kazakhstan-shymkent-moldabai-sadibekov-a-civil-activist-trial-verdict/31886607.html?fbclid=IwAR3RA29PpgrQEGpSFZyL9wg9R6D02td1kIcP50amSkrjlqSXrGOoeYngDoU