6 маусымда Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы медиасарапшылар мен журналистер сынаған «Масс-медиа туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы сәуірде мәжілістен сенат қарауына жөнелтілген. Енді парламент қабылдаған заңды президентке қол қоюға жібереді.
Заңға сәйкес, азаматтар бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған ақпаратты немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде ғана талап ете алады. Мемлекеттік мекемелер журналист сұраған ақпаратты бес жұмыс күні ішінде беруі керек. Мұның алдында жауап беру мерзімі 7 күн болған. Сенаторлар мақұлдаған құжатқа журналистерге белгілі бір шарттармен берілетін «баспасөз картасы» ұғымын енгізу және «дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға» тыйым салу туралы ұсыныстар енгізілмеген. Сенаттың жалпы отырысында депутат Зәкіржан Күзиев заңда «масс-медиаға мониторинг жүргізу» ұғымы бар екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, уәкілетті орган Қазақстан заңнамасы сақталуына, жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты мониторинг жүргізеді. Бұдан бөлек, отандық контентті дамыту үшін мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына грант беріледі. Заң жобасына сәйкес, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді. Сондай-ақ журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілген. Сенат сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, журналист міндетін орындау кезінде өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірген жағдайда «БАҚ иесі оны Қазақстан заңнамасына сай өтеуге міндетті». Осы заң жобасына «ақпараттық егемендік» деген ұғым енгізілді. Қазақ тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50-ден 60 пайызға дейін арттыру керек. 2027 жылға дейін шетелдік теле-, радиохабарларды теле-, радиоэфирлерде беруді кезең-кезеңімен 20-дан 10 пайызға дейін қысқарту ұсынылды. «Масс-медиа туралы» заң жобасын былтыр қарашада мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған. Мәжілістен сенатқа өткен заң жобасында Қазақстан сыртқы істер министрлігі «шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аккредитация беруден бас тартуға хақылы» делінген. «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымы өз есебінде елде қабылданып жатқан БАҚ туралы заң баспасөзді мемлекеттің бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп жазған. Жыл сайын осы ұйым әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 ел арасында 142-орында тұр.
Азаттык.орг
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.