4 маусымда Павлодар соты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп айыпталған бес белсендіге үкім оқыды. Сот Дарын Хасенов, Қалиасқар Әміренов, Жанат Жамалиев және Мақсұт Аппасовтың бостандығын – бір жылға, Нұргүл Қалуованың бостандығын 1,5 жылға шектеді.
Судья бұған қоса, оларға үш жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салды. Бұл туралы адвокат Светлана Ковлягина Азаттық тілшісіне хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, іске сараптама жасаған «саясаттанушылар Нұргүл Қалуованы топ жетекшісі, ерекше белсенді деп таныған». «Сол себепті судья оған көбірек жаза берді» деді Светлана Ковлягина.
Ол үкімді апелляцияға беру мәселесін Нұргүлмен ақылдасатынын айтты.
Белсенділер 4 маусым күндіз қамаудан босап шығады деп айтылады. Олардың туыстары мен жақтастары күндізгі сағат 11 шамасында Азаттыққа түрме маңында күтіп тұрғанын хабарлады.
Аталған белсенділер қылмыстық жауапкершілікке тартылмай тұрып «рұқсат етілмеген акцияларға қатысқаны үшін» талай рет әкімшілік жауапқа тартылған. Құқық қорғаушылар оларды саяси көзқарасына байланысты қуғындалып отыр деп танып, «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.
Нұргүл Қалуова былтыр қазан айында саяси қудалауға қарсылық ретінде “шаштарын тақырлаған” әйелдер акциясына қатысқан.
Қарай отырыңыз: «Қазақстан деген түрмеде тұрамыз». Белсенді әйелдер билікке қарсылық ретінде басын тақырлады (31 қазан 2020 жыл).
Құқық қорғаушылардың айтуынша, бес белсенді “Көше партиясы қозғалысымен байланысы үшін» қудаланған. Қазақстан соты бұл қозғалысты «экстремистік ұйым» деп танығанмен Еуропарламент депутаттары Қазақстан билігіне жазған хатында оны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған. Ұйымға шыққан сот шешімі жарияланбады. Оған апелляция түсірмек болған белсенділер арызы да қаралмады. Құқық қорғаушылар шешімнің саяси астары барын айтқан.
Маншук Асаутай
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.