Оралда 28 ақпанда билік рұқсат еткен митингіні ұйымдастырушылардың бірі Бауыржан Әліпқалиев 10 тәулікке қамалды. Белсендінің қамалуына сол митингіде басқа бір адамның айтқан сөзі түрткі болды.
Әліпқалев «Ұйымдастырушылардың рұқсат етілген бейбіт митингіні бұзуы» бабы (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 3 тармағы) бойынша жауапқа тартылды. Полиция заң бұзу хаттамасын 26 сәуірде толтырылғанын растады. Полиция белсендіге неге мұндай айып тағылғанын ашып айтпады.
26 сәуір кешкісін сот өтіп, судья Венера Адушева белсендіні он күнге қамау туралы шешім шығарды.
Сот белсенді Әліпқалиев рұқсат алған митингіде тағы бір ұйымдастырушы Орынбай Оқасов «ҚДТ ұйымын қолдауға шақырған» деп тапты (Нұр-Сұлтан шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент қарарында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған).
Оқасовпен байланысу мүмкін болмады. Ал Әліпқалиев митингіде ешқандай шақыру айтылмағанын, Оқасовтың сөзінде ешқандай «экстремизм» сипаты жоғын айтты. Ол процесс кезінде «Оқасовтың митинг ұйымдастырушысы болғанын» жеткізді.
Сот Әліпқалиев пен адвокатының сот-филологиялық сараптама жасау туралы шағымын қабылдамады. Айыпталушы тарап шешіммен келіспейді, апелляциялық шағым түсірмек.
Радио Азаттык
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.