Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

“Жала жапты” деп тағы айыпталған журналист Батырбеков судьяға сенімсіздік білдірді

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты Шымкент қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Асқар Сапарғалиевтің “жала жапты” деген арызы негізінде “Сарыағаш–Информ” газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің ісін қарай бастады. Бүгін Батырбеков судья Берік Қайыповқа сенімсіздік білдірді.

Батырбековтің сөзінше, істі қарауға кіріскен судья Берік Қайыпов бұдан бұрын да өзіне қатысты үш істі қарап, айыптау үкімін шығарған. Екі іс бойынша Қайыповтың қаулысын облыстық сот бұзып, журналисті ақтаған. Ол судья Қайыповқа сенбейтінін айтты.

Асқар Сапарғалиев биыл 30 маусымда “Сарыағаш–Информ” газетінде жарияланған “Нағыз қарабет кім екен?” деген мақалаға байланысты арызданған.

Мақалада Батырбеков “мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы соттылығы бола тұра сайлауға түскенін, оған қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Сапарғалиев сайлау комиссиясына “соттылығы жоқ” деген анықтама бергенін” жазған.

– Сайлау алдында Болатбек Нәжметдинұлының соттылығы туралы анықтама алуға қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармаға бардық. Сапарғалиев депутаттың “соттылығы бар” деген анықтаманы көрсетті. Содан кейін Шымкент қалалық сайлау комиссиясына бардық. Олар Сапарғалиев қол қойып, мөр басып берген “соттылығы жоқ” деген анықтаманы көрсетті, яғни екі түрлі анықтама берген болып тұр, – дейді Батырбеков.

3 шілдеде Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты Амангелді Батырбековті “Жала жабу” бабымен кінәлі деп танып, 20 күнге түрмеге қамаған. Журналист үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

Батырбековтің үстінен мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы шағымданған. Депутаттың шағымына журналистің 2023 жылы 10 наурызда Facebook парақшасында “Сыбайластық па, не бұл?” деген жазбасы себеп болған. Жәбірленуші журналистің “алаяқтық бабымен қозғалған қылмыстық істе Болатбек Нәжметдинұлы күдікті болып танылған” деген сөзін “көрінеу жалған мәлімет жариялап, абыройым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтірді” деп көрсеткен.

Батырбеков жала жаппағанын, 2020 жылы Нәжметдинұлы “Алаяқтық” бабымен күдікті болып танылғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы бар екенін айтады.

10 шілдеде халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін Амангелді Батырбековті тез арада босатуға шақырған.

Комитет мәлімдемесінде бұған дейін “жала жапты” деген айыппен әлденеше рет қамауда болған, былтыр қастандық жасалған журналисті тағы да 20 тәулікке қамауға алғаны – алаңдатарлық жағдай деп атаған. CPJ Қазақстан билігін журналистерді түрмеге жабу қаупін азайтатын заң нормаларын енгізуге шақырған.

БАҚ пен журналистр құқығын қорғайтын “Әділ сөз” ұйымы “Амангелді Батырбековті нақақ соттаған” дейтін қорытындысын жариялаған.

022 жылы 4 қаңтарға қараған түні Батырбековтің Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында ұлы Дінмұхамедке белгісіз адамдар оқ атып, жаралаған. Кейін бұл журналистің өміріне қастандық жасау мақсатында берілген тапсырыс екені, тапсырысты бұрынғы шенеунік Бауыржан Майрихов бергені анықталған. Майрихов пен оның төрт серігі 11 жылдан 13 жылға дейін сотталған.

2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев “ар-намысыма тиіп, қорлады” деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырғанымен, Түкістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.

Амангелді Батырбеков

Дилара Иса Азаттык Радиосы

https://df5fuhl3vnmg5.cloudfront.net/a/32609487.html

 

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Батырбеков АмангельдыБольше записей в Батырбеков Амангельды »
.