Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты Шымкент қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі прокуратура басқармасының басшысы Асқар Сапарғалиевтің “жала жапты” деген арызын қанағаттандырып, “Сарыағаш–Информ” газетінің редакторы Амангелді Батырбековті кінәлі деп тапты. Судья Берік Қайыпов журналисті 20 тәулікке қамау туралы қаулы шығарды. Батырбеков айыппен келіспейді. Ол биыл шілдеде де 20 тәулік қамауда отырған.
Сот залынан қамауға алынған ол өзін заңсыз, негізсіз соттады деп санайды. Оның сөзінше, Асқар Сапарғалиев – мемлекеттік қызметші. Заң талабына сәйкес өзіне қатысты айыптау мақала шыққанда бір айдың ішінде міндетті түрде оны теріске шығару туралы ескерту беруі керек. Екіншіден, прокурорға жала жабу ісін әкімшілік сот қарамайды. Құрамы болса қылмыстық кодекспен іс қозғалуы керек.
“Міндетті түрде апелляциялық шағым беремін” деді Амангелді Батырбеков Азаттыққа.
Бұдан бұрын Батырбеков судья Берік Қайыповтың істі қарауына қарсылық білдірген. Бірақ оның талап-тілегі қанағаттандырылмаған.
Асқар Сапарғалиев биыл 30 маусымда “Сарыағаш–Информ” газетінде жарияланған “Нағыз қарабет кім екен?” деген мақалаға байланысты арызданған.
Мақалада Амангелді Батырбеков “мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы соттылығы бола тұра сайлауға түскенін, оған қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Сапарғалиев сайлау комиссиясына “соттылығы жоқ” деген анықтама бергенін” жазған.
– Сайлау алдында Болатбек Нәжметдинұлының соттылығы туралы анықтама алуға қалалық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармаға бардық. Сапарғалиев депутаттың “соттылығы бар” деген анықтаманы көрсетті. Содан кейін Шымкент қалалық сайлау комиссиясына бардық. Олар Сапарғалиев қол қойып, мөр басып берген “соттылығы жоқ” деген анықтаманы көрсетті, яғни екі түрлі анықтама берген болып тұр, – деген еді Батырбеков.
3 шілдеде Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты Амангелді Батырбековті “Жала жабу” бабымен кінәлі деп танып, 20 күнге түрмеге қамаған. Журналист үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен сот оны қанағаттандырмаған.
Амангелді Батырбековтің үстінен мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы да шағымданған. Депутаттың шағымына журналистің 2023 жылы 10 наурызда Facebook парақшасында “Сыбайластық па, не бұл?” деген жазбасы себеп болған. Жәбірленуші журналистің “алаяқтық бабымен қозғалған қылмыстық істе Болатбек Нәжметдинұлы күдікті болып танылған” деген сөзін “көрінеу жалған мәлімет жариялап, абыройым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтірді” деп көрсеткен.
Батырбеков жала жаппағанын, 2020 жылы Нәжметдинұлы “Алаяқтық” бабымен күдікті болып танылғанын дәлелдейтін құжаттың түпнұсқасы бар екенін айтады.
10 шілдеде халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін Амангелді Батырбековті тез арада босатуға шақырған.
Комитет мәлімдемесінде бұған дейін “жала жапты” деген айыппен әлденеше рет қамауда болған, былтыр қастандық жасалған журналисті тағы да 20 тәулікке қамауға алғаны – алаңдатарлық жағдай деп атаған. CPJ Қазақстан билігін журналистерді түрмеге жабу қаупін азайтатын заң нормаларын енгізуге шақырған.
БАҚ пен журналистр құқығын қорғайтын “Әділ сөз” ұйымы “Амангелді Батырбековті нақақ соттаған” дейтін қорытындысын жариялаған.
Радио Азаттык
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.