20 маусым, Алматы к, тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханды Алматы қаласы Алатау аудандық полициясы әкімшілік жазаға тартып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (172 мың 500 теңге) айыппұл салған.
Бекзат Мақсұтханның айтуынша, Ақкент шағын ауданының учаскелік инспекторы кеше, 19 маусымда ұйымның кеңсесіне келіп, 16 мамырдағы видеоүндеуіне байланысты түсініктеме сұраған.
— 16 мамырда «митингіге шығамын» деп мәлімдеме жасапсыз. Сол бойынша түсініктеме беріңіз деді. Мен «ол үшін он бес тәулік қамалып шықтым. Бір іске екі рет жаза тағайындалмайды» деп қайтардым. Кешке үйге келіп, мүлде басқа мәселе бойынша айыппұл салып кетті»,- дейді Бекзат Мақсұтхан.
Плиция қызметкері Дәуір Әбдірасыл Бекзат Мақсұтханға «Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы» кодекстің 489 бабы бойынша («Тіркелмеген қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметіне басшылық жасау, қатысу, олардың қызметiн қаржыландыру») айыппұл салынғанын растады.
— Әділет министрлігіне сұрау салып, «Атажұрт» ұйымының тіркелмегенін анықтады. Сондықтан заң бойынша айыппұл салдық»,- деді Ақкент шағын ауданының учаскелік инспекторы
Қытайдың Шыңжаңындағы қазақтар құқығы мәселесін көтеріп танылған «Атажұрт» ұйымы биыл 23 сәуірде партия ретінде тіркеу туралы Әділет министрлігіне құжат тапсырған. Министрлік «құжат толық емес» деп қайтарған. Ұйым бұған дейін де бірнеше рет Әділет министрлігіне құжат өткізуге талпынып көрген.
19 маусымда Алматының Медеу аудандық полициясы қоғам белсендісі, тарихшы Есенғазы Қуандыққа да «тіркелмеген ұйым жиынына қатысты» деген айыппын ірі көлемде айыппұл салған.
Мамырдың соңына оппозициядағы саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлына «тіркелмеген қоғамдық бірлестікке басшылық етті» деп, 345 мың теңге айыппұл салынған еді. Саясаткерді «Халық парламентінің» жиынына басшылық етті деп айыптаған. Жиын ғимарат ішінде конференция түрінде өткен.
Азаттык Радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.