Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Азаматтық белсенді Асхат Жексебаев Заречныйдағы түрмеден шықты

Қазақстанда “13-тің ісі” бойынша сотталып, былтыр сот үкімімен бес жылға түрмеге қамалған азаматтық белсенді Асхат Жексебаев 3 мамырда Алматы облысы Заречный елдімекеніндегі жаза өтеу мекемесінен бостандыққа шықты.

Түрме қызметкерлері 50 жастағы белсендіні сейсенбі күні таңертең колониядан Алматыдағы үйіне алып келген. Оның түрмеден босап шығатынын естіп, үйінің қасына жиналған жергілікті белсенділер Жексебаевты сол жерде қарсы алған.

15 сәуірде Алматы облысы Қапшағай қалалық соты Асхат Жексебаевтың жаза мерзімінің қалған бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстыру жайлы шешім шығарған еді. Жексенбі, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мейрам күні болғандықтан, Жексебаевты тек бүгін, 3 мамырда ғана түрмеден босатты. Қазақстан заңы бойынша, мейрам демалыс күніне дөп келсе, мерекелік демалыс одан кейінгі бірінші жұмыс күніне ауысады.

Жазасы жеңілдетілген Асхат Жексебаев былтыр сот үкім шығарғанда мәлімдеген ұстанымынан қазір де таймаған, өзіне “тыйым салынған ұйымға қатысты” және сондай бірлестікті “ұйымдастырды” деп тағылған айыптарды мойындамайды.

Ол “Көше партиясы” қозғалысын “ақтауға” және оны ресми түрде тіркеуге қол жеткізуге тырысатынын айтты. “Кассацияға шағым береміз, “Көше партиясы” экстремистік ұйым емесін дәлелдейміз” деді Жексебаев.

Былтыр қазанда Алматы соты “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясы” тіркелмеген қозғалыстарын құруға қатысты және оның ісіне араласты деп айыпталған 13 белсендіге түрлі жаза тағайындаған. Судья төрт белсендіге 5 жыл түрме жазасын кесіп, әлеуметтік желілерді пайдаланып қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған. Тағы 9 белсендінің еркіндігін 1 жылдан 2 жылға дейін шектеген.

Сотталған 13 белсендінің барлығы – қоғамдық-саяси мәселелерге ой-пікірін ашық айтып, үкіметті сынап, наразылық акцияларын қатысып жүрген азаматтар. Олардың ешқайсы тағылған айыпты мойындамай, апелляцияға шағым берген. Алайда сот ол шағымды қанағаттандырмады. Құқық қорғаушылар түрме жазасына кесілген белсенділерді “саяси тұтқын” деп таныған.

Асхат Жексебаев 2020 жылы тамыздан бері абақтыда қамауда болды. Сот шешіміне сай, ол енді жаза мерзімі аяқталғанша пробация мекемесі бақылауында болады. Сот Жексебаевқа пробация мекемесінің рұқсатынсыз тұрғылықты жерін ауыстыру тыйым салған.

“13-тің ісі” бойынша бес жылға сотталған тағы бір белсенді Қайрат Қылышев та өткен аптада түзеу мекемесінен шыққан. Қапшағай қалалық соты Қылышевтің түрме жазасын бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырған.

27 сәуірде Қапшағай соты осы іс бойынша сотталған Абай Бегімбетовтің де жазасын жұмсартқан. Егер прокуратура шешімге қарсы болмаса, онда келесі аптада Бегімбетов те бостандыққа шығуы мүмкін.

Мерзімінен бұрын Заречныйдағы түрмеден бостандыққа шыққан азаматтық белсенді Асхат Жексебаевты (ортада) үйінің жанында жақтастары қарсы алды. Алматы, 3 мамыр 2022 жыл.

Мәншук Асаутай Азаттық радиосы

https://www.azattyq.org/a/31831749.html?fbclid=IwAR0SqKOoDxhGPBv3QXHTZF9bBOBTpvpB5YmZrUuNahHKlnDxq7oAKBT5x3k

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Жексебаев АсхатБольше записей в Жексебаев Асхат »
.