Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде “Ақтөбе әуежайын басып алмақ болғандар” ісін қарай бастады

21 маусым күні Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде “Ақтөбе әуежайын басып алмақ болған” Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаевтың ісін қарай бастады. Бұл азаматтарға тергеу ҚР Қылмыстық кодексіндегі 269-баптың 1-бөлімімен (“Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу”) айып таққан.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжановтың сөзіне қарағанда, сотталушы Елхат Қосыбаев 2022 жылы 5 қаңтарда Ақтөбе облысы әкімдігінің жанына жиналғандар алдында сөйлеген. Қосыбаев сөзінде Қазақстан аумағына билік сырттан әскер әкелмеуі үшін өзге өңір тұрғындары әуежай жұмысын тоқтатқанын айтып, наразыларды Ақтөбе әуежайына баруға шақырған.

5 қаңтарда кешкі алтылар шамасында Ақтөбе әуежайына Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек те барған. Олар “ғимараттың ішкі және сыртқы ахуалына бақылау жасаған”, “әуежайға сырттан ешкімді кіргізбеген, сыртқа ешкімді шығармаған”.

– Сотталушылар Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек (17 сағат 49 минутта) әуежай басшысы Дастан Мәлиевті шақырып алып, ұшақтарды тоқтатуды талап еткен. Талаптары орындалмаса, ғимаратты бүлдіреміз деп қорқытқан. Дастан Мәлиев (18 сағат 16 минутта) барлық әуе компанияларына радиограмма жолдап, әуежай жұмысын тоқтатқанын хабарлаған. Нәтижесінде Стамбул, Ақтау, Атырау, Алматы мен Нұр – Сұлтан қалаларына қатынайтын әуе рейстері тоқтап, Ақтөбе әуежайына 1 млн 672 мың 250 теңге материалдық залал келген, – деді прокурор Бақытжанов.

Прокурор сөзінше, сотталушылар жолаушыларды тіркейтін орыннан әрі өтпеген. Нұралы Шахкөзов пен Мәди Жұмабек жолаушыларды тіркейтін жердегі таблодан “Эйр Астана” компаниясының Ақтөбе – Нұр – Сұлтан бағытындағы рейс ұшқалы тұрғанын көріп, онда Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин болуы мүмкін деп, ұшақты тоқтатуды талап еткен. Әуежай басшысы Дастан Мәлиев ұшу жолағындағы рейсті тоқтату мүмкін емес екенін айтқан.

Қаңтар оқиғасынан соң тергеу изоляторына қамалған Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаев 2020 жылғы 20 мамыр күні үйқамаққа жіберілген. Сот залында олар өзіне тағылған айыпты мойындап, өз ықтиярымен процестік келісім жасағанын айтты.

Адвокат Әбдісамит Рахмановтың сөзінше, сотталушылар Ақтөбе әуежайына келтірілген 1 млн 672 мың 250 теңге материалдық залалды толығымен өтеген. Яғни, бұл сома үш сотталушыға тең бөлінген.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжанов бүгін судьядан сотталушылардың әрқайсының бас бостандығын 3 жыл 6 айға шектеуді сұрады. Сотталушылардың адвокаттары Азаттыққа пікір айтудан бас тартты.

Сот залынан шыққан соң Елхат Қосыбаев жеті жасар мүгедек қызы мен науқас әйелі барын, өзі жұмыссыз екенін айтып, “соңғы жарты жылда қарызға белшемнен батып қалдым” деді. Жеке кәсіпкер Нұралы Шахкөзовтің жеті баласы бар. Оның алтауы кәмілетке толмаған. Бұрын да бір рет істі болған Мәди Жұмабек те жұмыссыз.

Қаңтар оқиғасы кезінде “Ақтөбе әуежайын басып алған” Нұралы Шахкөзов, Мәди Жұмабек пен Елхат Қосыбаевтың ісін Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Талғат Кенжеболатов қарап жатыр. Судья Кенжеболатов келесі сот процесінің қай күні өтетіні қосымша хабарланатынын айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Бақытжанов “Ақтөбе әуежайын басып алған” тағы бірнеше адамның есімін атады. Азаттық мән-жайды білмек болып, Ақтөбе облыстық прокуратурасына хабарласқан еді. Прокуратура Қаңтар оқиғасы туралы сұрақтарға тек ресми хат жіберілген жағдайда ғана жауап беретінін айтты.

 

Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болған" Елхат Қосыбаев, Нұралы Шахкөзов (ортада) пен Мәди Жұмабек (көк пиджакты) соты басталды. Ақтөбе қаласы, 21 маусым, 2022 жыл

Қаңтар оқиғасы кезінде “Ақтөбе әуежайын басып алмақ болған” Елхат Қосыбаев, Нұралы Шахкөзов (ортада) пен Мәди Жұмабек (көк пиджакты) соты басталды. Ақтөбе қаласы, 21 маусым, 2022 жы

 

Жанагүл Жүрсің Азаттық радиосы

 

https://www.azattyq.org/a/31908148.html?fbclid=IwAR1v7Di8g_rdJy2-T2fMmnpuxbbHldCSv3xD0Nk4sAHPK-z-bPGbsgBlvnI

Поделись, чтобы люди узнали:
.