Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

«Үкімет отставкаға кетсін». Алматылық белсенді жалғыз адамдық пикетке шықты

Бейсенбі, 15 желтоқсанда Алматыда азаматтық белсенді Есанбой Ходжиев жалғыз адамдық пикетке шықты. Қазақстан туын жамылған, қолына “Үкімет отставкасын талап етемін және әкімдер сайлансын, жемқорлыққа жол жоқ” деген жазуы бар плакат көтерген белсенді “Әлихан Смайылов үкіметі елдегі қымбатшылық проблемасын шеше алмады” дейді.

«Халықты қымбатшылық тоздырып жіберді. Қай дүкенге барсаң да, өзімізден шығытын заттардың да құны аспанға ұшқан. Сол үшін қазір халықтың деңгейіне жауап бере алмайтын үкімет отставкаға кетуі тиіс деп ойлаймын. Бұған дейін президент “жаңа Қазақстан құрамыз, жаңа Қазақстанда еститін үкімет болады” деген. Бірақ президент болып сайланған соң үкіметті тағы да жұмыста қалдырды. Бұл дұрыс емес деп есептеймін» дейді Ходжиев.

Оның айтуынша, қазіргі үкімет қымбатшылықпен күресуге қауқарсыз, сондықтан үкіметке жаңа кадрлар қажет.

Ходжиев пикет шығатынын қала әкімдігіне ескерткен, бірақ әкімдік заңда көрсетілген мерзімде (үш күн ішінде) жауап бермеген. 15 желтоқсанда белсендіні әкімдік қызметкері бақылып тұрған, оқиға орнына Азаттық тілшілері барған сәтте әкімдік өкілі кетіп қалды.

Үкімет жұмысына көңілі толмайтын тек Ходжиев қана емес. Сарапшылар Смайылов үкіметінің азық-түлік бағасын реттей алмай отырғанын, инфляцияны ауыздықтай алмай отырғанын айтып, жиі сынайды.

12 желтоқсанда «өз міндетін атқара алмады» деп үкіметті президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сынаған. Ал кеше, 14 желтоқсанда үкімет басшысы Әлихан Смайлов министрлерге қарата «қолымнан келмейді дегендеріңіз орындарыңызды босатыңыздар» деді.

Инфляция мәселесі кейінгі айларда үкімет отырысында бірнеше рет көтерілді. Бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайылов азық-түлік инфляциясының 20,5 пайызға жетуін сынап, «мемлекеттік органдардың азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін орындауына қатысты сұрақтар бар» деп мәлімдеген.

Қазақстанның қазіргі үкіметі кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін жасақталған. Жұмыс бастағанына бір жылдай болған үкіметті кейінгі кездері депутаттар да сынап жүр.

Заңға сәйкес, ел президенті өз бастамасы бойынша үкiметті кез келген уақытта отставкаға жібере алады. Сондай-ақ, өздерiне жүктелген функцияларды одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп санайтын болса, үкiмет отставкаға жіберуді сұрап, президентке қайырылуға құқылы. Ал отставка жайлы үкімет өтінішін мақұлдау немесе мақұлдамау президент құзырында.

Үкімет отставкасын талап етіп, плакат ұстап тұрған Есанбой Ходжиев. Алматы, 15 желтоқсан 2022 жыл.

Азаттык радиосы

 

https://www.azattyq.org/a/32177908.html?fbclid=IwAR0Rxd2rPN4SlhkiXFdDSNGyDld13lN-T2xZZXiWev7YGJjM9NtUqq_bfLY

Поделись, чтобы люди узнали:
.