Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

«Қабірін қазбасын»: Жұмыстан қайтарда оққа ұшқан жігіттердің туыстары эксгумацияға қарсы

Қаңтар айының басында Алматы қаласындағы бейбіт митингтің аяғы атыс-қырғынға айналғанда оқ тиіп, көз жұмған бейбіт азаматтардың жақындары марқұмдардың қабірін қазуға наразы. Кемінде 24 адамның денесі сот-медицина сараптамасынсыз, жай анықтамамен берілуінің себебі және оған жауаптылар белгісіз.

Алматыдағы аласапыранда екі жақынынан айырылып, қара жамылған отбасының бірі олардың жұмыстан қайтарда оққа ұшқанын айтады. Туыстары бауырының қабірін қайта ашқызуға келіспейді, «алғашында жерлеуге беріп, енді қайта ашамыз» деген биліктің бейадекват әрекетіне қапалы.

 5 қаңтарда түскі 14.00 шамасында інімізге хабарласқанда, ол досымен бірге үйге қайтып келе жатқанын айтқан. Бұл соңғы рет сөйлесуіміз. Одан кейін үйге оралмады. Тәртіпсіздік болып жатыр деген соң әрі телефоны өшірулі болғандықтан алаңдап іздей бастадық. Коменданттық сағат басталғанша, түнгі 23.00-ге дейін іздеп таппадық. Ертеңіне күндіз №12 аурухананың мәйітханасынан табылды… Денесін арнайы анықтамамен берді, – дейді қаңтар оқиғасында көз жұмған жігіттердің туысы Райхан.

25 жастағы Руслан Усабаев Қажетұлы Көкшетаудың тумасы, Алматыда өскен. Кейінгі бірер жылда туыстарымен Қаскелеңде тұрғып келген. Екі әпкесі мен әкесі Русланның жұмыс істеп жүргенін, биыл үйленгелі жүргенін айтады. Анасы қайтыс болған.

Екінші марқұм – Вадим Коробер Николаевич 23 жаста. Анасы беларусь, әкесі қазақ, бірақ ата-анасыз өскен. «Руслан мен Вадим әскерде бірге болған. Бала кезінен дос. Екеуі үнемі бірге жүретін, бірге ер жетті» дейді.
«Өзекті өртейтін эксгумация»: Екінші бейсенбілігінде естіген суыт хабар

– Қай жерде қалай болғанын білмейміз. Оқ Русланның кеудесіне үш жерінен, Вадимнің сол аяқ санына тиген. Екеуі де реанимацияда қайтыс болған. 6 қаңтар күні өлімі туралы медициналық анықтамасын алып, 7-сі сүйегін Қаскелеңдегі үлкен әпкесінің үйінен шығардық. Екеуі бірге Жамбыл ауылындағы зиратқа жерленді, – дейді туыстарының бірі.

Туыстарының айтуынша, Руслан мен Вадим жоғары жақтағы аудандарда құрылыста істеген. Олар қаңтардың 5-і ертеңгісін жұмысқа кетіп, қаладағы жағдайға байланысты жұмыс болмайды деген соң қайтып келе жатқан жолда оққа ұшқан. Оқиға орталықта болған. Мәйітхана қызметкерлері марқұмдардың қолындағы телефон мәліметтері мен туыстарының деректерін тексеріп-танығаннан кейін денесін берген.

7 қаңтарда жерленген жігіттердің туыстарына полиция 21-і күні таңертең хабарласып, эксгумация жасайтыны туралы айтқан. Бұған түбегейлі қарсылық танытқан отбасы облыстық прокуратураға марқұмдардың қабірін қазғызбайтынын жеткізген. Құқық қорғау органының өкілі сот шешімі шықпағанын хабарлаған.

«Ең өкініштісі, біз мемлекеттен, құқық қорғау органдарынан ешқандай да ініміздің қазасының себебін сұрамай, жаппай тәртіпсіздік кезінде тек біздің ғана емес қаншама отбасы қара жамылды ғой деп өзімізді әрең жұбатып отырғанымызда, эксгумация жасаймыз дегені тіпті сорақы, қорлық» деп ашынады туыстары.

«24 адамның денесін сараптамасыз» бергендердің жауапкершілігі

Жақындары баланың жарақаты мен денесінен алған оғы туралы неге ауруханадағы дәрігерінен сұрамайды деп ашынады. Кез келген мәйітті сот-медициналық сараптамадан өткізіп, сосын ғана беруі керек жауапты мекеме қызметкерлері қаза болғандардың денесін туыстарына жай анықтамамен жаппай беріп жібергені белгісіз.

Адвокат Ерлан Ерболатұлының сөзінше, Қаскелеңдегі Полиция басқармасының тергеушісіне Алматы қаласындағы ПД-дан сотмед сараптамасыз мәйітханадан әкетілген 24 мәйітті санкциямен эксгумациялау, сараптамадан өткізу жөнінде тапсырма берілген.

– Тергеу сотының 20-21 қаңтарда берген екі рет санкциясына қарсы шағым түсірдік. Алматы облыстық сотының аппеляциялық алқасы қарайды. Уақытша тоқтады. Қалғаны алқа шешіміне байланысты. Діни рәсім-жоралғымен жерленген, туыстары наразы. Екінші жағынан, кім қандай оқ атқанын анықтау үшін тергеуге қажет процедура. Әдетте, заң (Қылмыстық-процестік кодекстің 225-228 баптары) қылмыс толық ашылмаған, керекті дәйектер жеткіліксіз осындай жағдайда эксгумациялауды міндеттейді. Санкция күшіне енсе, лажсыз заң талабын орындауға тура келеді. Онда ары қарай істің тергелуін, дәлелдемелерді қадағалайтын боламыз, – дейді қорғаушы Ерболатұлы.

Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығының Алматы қаласындағы Сот сараптамасы институтының мөрі қойылған анықтамада өлім себебі көрсетілген. Алайда құжатта Аурулардың халықаралық жіктелімінің коды мен қол қойған дәрігердің аты-жөні жазылмаған. Институт пен мәйітхана мамандарымен байланысу мүмкін болмады, ашық деректерде көрсетілген қызметтік нөмірлер бойынша хабарласқанда тұтқаны көтермеді. Редакция екі жігіттің өлімі мен мәйіттердің туыстарына табысталуындағы заң талабының орындалуы жайлы Ішкі істер және Әділет, Денсаулық сақтау министрліктеріне арнайы сұрау хат жолдайды.

Полицияның уәжі – «заң талабы»

Санкциялау мәселесі жайлы тілші облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбеновке хабарласты. Ол мұны «біреуді қорлайын деп емес, заң аясында жасалып» жатқанын алға тартты.

– Алматыда қайтыс болған. Біраз адамның мүрдесі сот-медициналық сараптама жасалмай жақындарына беріп жіберілген екен. Туыстары кім атқанын сұрайды, неден, қандай оқтан қайтыс болғанын анықтау үшін эксгумациялау керек, – дейді полиция өкілі.

Өңір департаменті жолдаған ресми ақпаратта азаматтардың Алматы қаласында қайтыс болғаны, мәйіттердің қажетті сараптамаларсыз туыстарына беріліп, Алматы облысының аумағында жерленгені аталған.

«Алматы қаласы ПД қылмыстық іс шеңберінде облыстық Полиция департаментіне Қылмыстық процестік кодекстің 225-бабы негізінде эксгумациялау үшін  тапсырма жолдап, нәтижесінде эксгумациялау қаулысы сотпен санкцияаланды. Сараптамалар қорытындыларына сәйкес  қаза тапқан азаматтардың қайтыс болу себебі анықталып, заң аясында процессуалды шешім қабылданатын болады», – делінген органның ресми хабарламасында.

Қазақстанда алғашында халықтық бейбіт толқу ретінде басталып, соңы әлдебір арандатушы-бүлікші топтың араласуымен дүрбелең-топалаңға, атысқа ұласқан қаңтар айының басындағы оқиғаларда мыңдаған адам зардап шегіп, бірнеше жүздеген адам опат болды. Ақорда мұны «сырттан ұйымдасқан террорлық басқыншылық», «билікті басып алу» деп атады. Десе де көптеген халықаралық және отандық сарапшылар «билік кландары арасындағы астыртын тартыс» деп бағалап үлгерді.

Одан бері әлеуметтік желілерде бейбіт наразылардың, тіпті еш қатысы жоқ азамттардың күштік құрылымдар тарапынан қатты қысым көріп, заңсыз қудаланып жатқаны туралы ақпарат көп таралып жатыр. Халықаралық қауымдастық билікті әділ тергеуге және адам құқықтарын қалтқысыз сақтауға шақырып келеді. Қазір Маңғыстау жұрты тәрізді президент Тоқаевтан «республика көлеміндегі қудалауды тоқтатуды» талап еткендер күн санап артып жатыр.

«Қабірін қазбасын»: Жұмыстан қайтарда оққа ұшқан жігіттердің туыстары эксгумацияға қарсы

«Қабірін қазбасын»: Жұмыстан қайтарда оққа ұшқан жігіттердің туыстары эксгумацияға қарсы

5 қаңтарда оққа ұшқан Руслан Усабаев және Вадим Коробер. Фото: Instagram

Күлтегін Аспанұлы «Орда.кз»

https://kaz.orda.kz/abirin-az-yzbajmyz-zh-mystan-ajtarda-o-a-sh-an-zhigitterdi-tuystary-jeksgumacija-a-arsy/

Поделись, чтобы люди узнали:
.