Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Биліктің тыйымына қарамастан Алматыда «Жер митингісіне» 150-ден астам адам жиналды

24 сәуірде күндізгі сағат 12-лер шамасында Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда шетелдіктерге жер бермеуді талап еткен митинг басталды. Аумақта интернет өшірілгендіктен, Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар тарата алмады.

Биліктің тыйымына қарамастан, шараға шамамен 150-200 шақты адам жиналды. Олар кез келген мақсатта пайдаланылатын жерді шетелдіктерге жалға бермеуді және сатпауды талап етті. Бұған қоса, жерді мемлекет меншігінде қалдыру қажеттігін айтты.

– Билік халықты алдап жатыр. «Ауылшаруашылық жерлері Қазақстан азаматтарына сатылмасын, біз соған қарсы шығып отырмыз» деп билік өздеріне ұпай жинағысы келеді. Ал ауылшаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына берді деген сөз — сатылды деген сөз. Оны сатып алатын кімдер? Латифундистер, олигархтар, Назарбаев айналасында жүргендер. Қарапайым қазақ он сотық жерге жете алмай жүргенде, мысалы, Розиновтың 1,5 млн гектар жері бар екен. Өмір бойы мемлекеттік қызмет жасаған Кулагиннің 80 мың гектар жері бар дейді. Темірхан Досмұхамбетовтің, Болат Назарбаевтың мыңдаған гектар жері бар. Терещенколардың жүздеген мың гектар жері бар. Соның барлығы қайдан келді? Қазір қазақты жерден айыру саясатын көріп отырмыз. Билік бізді тәуелсіздіктен түбегейлі айырғалы отыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз. Қазақтың жері шетелдіктерге жалға берілмесін, сатылмасын! — деді митингіде сөйлеген тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай.

Алматы, 24 сәуір 2021 жыл.
Алматы, 24 сәуір 2021 жыл.

Белсенділер Абзал Достияров, Ырысбек Тоқтасын кез келген мақсаттағы жерді шетелдіктерге сатпауды және жалға бермеуді талап етті. Ырысбек Тоқтасын наурыз айында құрылған жер комиссиясының құрамына тәуелсіз белсенділер кірмегенін сынап, оның жұмысына күмән келтірді.

Прокурор жиналғандарға шараның заңсыз екенін ескертуге тырысып еді, наразылар «прокурор кет!» деп айқайлап, ығыстырып тастады. Бұдан соң жұрт «Назарбаев кет!» деп те айқайлады.

Сары түсті униформа киген санитария мамандары наразыларды аралап, «маска тағыңдар» деп ескертіп жүрді. Жұрт олардың әрекетіне наразылық білдірді.

Жақында жергілікті БАҚ қазір парламентте талқыланып жатқан Жер қатынастары туралы жобада шетелдіктерге жерді жалға алып, орман шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік беретін пункттер қалдырылғанын хабарлаған еді. Бұл қоғам арасында наразылық туғызған. Атырау облысының Ресеймен шекара маңындағы Көптоғай ауылындағы жағдай да жер мәселесінің қозғалуына түрткі болған.

Осыдан кейін Қазақстанның демократиялық партиясы және қуғындағы экс-банкир, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге шақырған. Бірақ Әблязов митингіні 1 мамырға белгілеген. Ол құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп танығанмен Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған. Елде қозғалысты қолдаған көп белсенді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған. Құқық қорғаушылар билік «экстремистік баптарды пайдаланып» оппоненттерін қудалады деп санайды.

Аян Калмурат

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Мамай ЖанболатБольше записей в Мамай Жанболат »
.