Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

“63 жасқа дейін жұмыс істеу өте ауыр”. Зейнет жасын төмендетуді сұраған әйелдер президентке үндеу жолдады

Тамыздың соңында жүздеген әйел зейнет жасын төмендетуді талап етіп, митингіге шықты. Акция ұйымдастырушылары билік тарапынан қысым жасалғанын, шенеуніктер бейбіт жиынды ғимарат ішінде өткізуді сұрағанын айтады. Әйелдер зейнет жасын төмендету мәселесін былтырдан бері көтеріп келеді. Бірақ билік әйелдер талабына мардымды жауап бермей отыр.

ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Тамыздың соңында Қазақстанның әртүрлі өңірінде митингіге шыққан әйелдер “58 жасты қайтарыңдар, 63-ке жете алмаймыз” деп ұрандады.

Қарағандыда тұратын 57 жастағы Анна Саримова — зейнет жасын төмендетуді талап етіп жүрген әйелдердің бірі. Ол бір жарым жыл бұрын құрылыста жүріп тапқан сырқатының салдарынан мүгедек атанған.

— Құрылыс денсаулығымнан айырды. Жұмысқа жарамай қалдым. Мына денсаулықпен 63 жасқа дейін жұмыс істеу мүмкін емес. Бұрын құрылыста істейтін әйелдер 50 жаста зейнетке шығатын. Бұл бекер емес қой, құрылыста жұмыс ауыр. Мүгедектігім үшін берілетін жәрдемақы күнкөріске жетпейді, жұмыс істей алмаймын, зейнет жасын ұзартып жіберді. Енді қалай өмір сүрерімді білмей отырмын. Үкімет жанайқайымызды естіп, зейнет жасын төмендетер деп үміттенемін, — дейді Саримова.

Ол митингіде емес, ғимарат ішіндегі жиналыста тұрып сөйлеген. Бұл жиын Қарағандыда емес, қала сыртында өткен. Митингіге қатысуға ниет білдіргендердің көбі қала сыртындағы жиынға жете алмаған. Жергілікті билік наразылық акциясын тек осы жерде, ғимарат ішінде ғана өткізуге рұқсат берген.

29 тамызда елдің 13 өңірінде митинг ұйымдастырылған. 28 тамызда Түркістандағы акция жабық орындағы жиын форматында өткен. Тараз тұрғындары да 31 тамызда ғимарат ішіне жиналды.

Билік әуелде Қазақстанның 11 қаласында митинг өткізу туралы өтінішті мақұлдаған. Бірақ әртүрлі себептермен Алматы, Лисаковск және Павлодар қалаларында белсенділер бейбіт жиынды жабық зал ішінде өткізуге мәжбүр болды. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент, Семей, Қостанай, Рудный, Жітіқара және Қарабалықтағы наразылық акциялары көшеде өтті. Астанадағы митингіні бақылауға қатысқан Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның мәліметінше, билік әуелі бейбіт жиын өткізуге рұқсат беріп, кейін акция орнын адам аз жүретін басқа жерге ауыстырған. Қарағанды, Түркістан, Қызылорда мен Таразда жергілікті билік жиынды көшеде емес, ғимарат ішінде өткізуді сұраған. Тұрғындар залдағы жиындардың өзіне плакат көтеріп келіп, ұрандарын айтқан.

Петропавлда белсенділер митинг өткізуге өтініш берген. Бірақ екі күннен кейін биліктің жауабын күтпей, өтінішін қайтарып алған. Осылай Петропавлда митинг өтпей қалды. Азаттық тілшісі мұның себебін анықтау үшін митинг ұйымдастырушысына хабарласып көрді, бірақ жауап ала алмады. Ақтауда жергілікті билік өтініште көрсетілген алаң бос емес деп, митинг өткізуге рұқсат бермеген. Бірақ белсенділердің бірі дәл сол күні плакат ұстап, алаңға барып, онда ешкім жоғын видеоға түсіріп алған.

“Президент мырза, бәрі сіздің қолыңызда, зейнет жасын төмендету туралы шешім қабылдап, бүкіл әлемге Жаңа Қазақстанды, әйелдерге жаңа қатынас үлгісін көрсете аласыз. Әжелерді отбасына қайтарыңыз”, — деді Рудный қаласындағы митинг қатысушысы.

Рудныйда билік өкілдері митингіге жиналған әйелдерді тыңдап, талқылауды “Жастар ресурстық орталығындағы” дөңгелек үстел басында жалғастыруды ұсынған. Бірақ ішке 15 адамнан артық кіруге болмайтынын ескертіп, автобус шақырған.

Қостанай облысындағы Жітіқарада митинг қатысушылары ерлердің де зейнет жасын төмендету керек деп ұрандады.

“Ерлердің де зейнет жасын 60-қа дейін төмендету керек” деген белсендінің сөзін бәрі бірауыздан қолдады.

Қазақстанның әр жерінде өткен митингілер мен кездесулер соңында әйелдер Қазақстан президентінің атына ортақ үндеу жолдап, конституциялық құқықтарын сақтауды талап етті.

“Әйелдердің жасы 8 жылға ұзарды, бұл — әлеуметтік теңсіздік. Жасы 50-ден асқан әйелдердің көбінің не денсаулығы, не жұмысы жоқ. Зейнет жасын ұзартуға мораторий жариялауды талап етеміз. 58 жаста мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік берілсін!” — деді қозғалыс белсенділері.

Зейнет жасын төмендетуді талап етіп жүрген белсенділердің дерегінше, қазақстандық әйелдердің 50 пайызы әртүрлі аурулармен есепте тұр, ал 55 жастан асқан әйелдердердің көбінің денсаулығы нашар.

БИЛІКТІҢ ҚЫСЫМЫ

Митинг ұйымдастырушылары көбірек адам жиналады деп күткен. Бірақ митингіге аз адам келді. Белсенділер мұны халықтың наразылыққа шығудан қорқуымен, билік жиналуға рұқсат берген орындардың алыстығымен, кей өңірлерде митинг орнының ауысуымен түсіндіреді. Митинг өткізуге рұқсат бермеген бірнеше қалада әкімдік алаңдар бос емес деп ақталған. Белсенділер әкімдік сайтында бейбіт жиын өткізуге рұқсат етілген орындар мен онда жоспарланған іс-шаралар тізімі жоқ деп шағынды.

Зейнет жасын төмендету жөніндегі қозғалыс белсенділері митинг өткізу туралы өтініш бергеннен кейін билік тарапынан қысым көргендерін айтады.

— Біраз уақыттан кейін әр өңірде митинг өткізуге өтініш берген азаматтарды әкімдікке шақырды. Митинг өткізуге рұқсат бергеннен кейін оларды шақырудың не керегі бар? Митинг қатысушыларынан жиынды ғимарат ішінде өткізуді сұраған. Қарапайым тілмен айтқанда, әйелдерді көшеден қуып, ешкім көрмейтін жерге жасырып қойғысы келген. Мені де әкімдікке шақырып, митингіні залда өткізейік деді, бас тарттым. Басқа әйелдерге “Сіздер ұйымдастырып отырған митингіде бір жағдай бола қалса, қандай да бір зардап келсе, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыздар” деп қорқытқан. Бірақ билік митинг өткізуге рұқсат бергендіктен бейбіт жиынның тыныш өтуіне өздері де жауапты екенін айтпаған. Бұл әрине қоқан-лоқы емес, бірақ сауатты жасалған моральдық-психологиялық қысым. Кей қалаларда әйелдер жиынды ғимарат ішінде өткізуге мәжбүр болды, — дейді Ақтөбедегі қозғалыс белсендісі Ольга Смирнова.

Белсенділерге шынымен қысым көрсетілгенін адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро да растайды.

Әзірге билік бұл тақырыпқа қатысты пікір білдірген жоқ.

ҮКІМЕТТІҢ ЖАУАБЫ

Қозғалыс белсенділері былтырдан бері зейнет жасын төмендетуді талап етіп келеді. Биліктің жауабы нақты емес, олар біресе бұл мәселе қаралып жатыр дейді, біресе зейнет жасы төмендемейтінін айтады.

Биыл мамырда еңбек министрі Тамара Дүйсенова журналистерге министрлік белсенділердің өтінішін қарап жатқанын, есеп жүргізіп, содан кейін ғана “тиімді нұсқа” ұсынатынын айтқан. Дәл осы айда вице-премьер Ералы Тоғжанов “Үкімет кей санаттағы азаматтардың зейнет жасын төмендету мәселесін талқылап көреді” деген.

Белсенділер премьер-министр Әлихан Смаиловтың жауабынан кейін митинг өткізуге бел буған. Шілдеде премьер әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы депутаттық сауалға “Бұл зейнетақы жарнасы көлемінің азаюына және төлемдердің күрт қысқаруына алып келеді” деп жауап берген.

1 қыркүйекте президенттің халыққа кезекті жолдауы жарияланады. Президент әкімшілігі биылғы жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналады деп хабарлады. Белсенділер зейнет жасы дәл осы салаға жататынын айтады. Әзірге президент пен үкімет митингіде айтылған талаптарға қатысты реакция білдірген жоқ. Тек жергілікті биліктің ғана жауабы бар. Мысалы, Қарағанды әкімі 28 тамызда белсенділердің “Әйелдердің зейнет жасын төмендету бастамасын қолдайсыз ба?” деген сұрағына “Бәрі экономикалық жағдайға байланысты. Әйелдердің 70-ке дейін жұмыс істей алатындай денсаулығы мен мүмкіндігі болуы үшін жағдай жасау керек” деп жауап берген. Ол артынша 70-ке дейін жұмыс істеу туралы асыра айтқанын мойындады, бірақ залдағы әйелдер шулап, әкімнің сөзіне наразылық білдірді.

Белсенділер қазақстандықтарды әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы онлайн петицияға қол қоюға шақырады. Басында петиция еgov.press сайтына жарияланған. Ақпанның соңындағы дерек бойынша, петицияға 322 мың адам қол қойған. Бірақ көп ұзамай бұл сайт бұғатталды. Петиция қайтадан басқа сайтқа жарияланды. Қазірге дейін 840 мың адам әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдап, үш жарым мың адам қарсы дауыс берген.

Қазақстан 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен – жыл сайын алты айға ұзартып келеді. 2022 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60,5 жыл. 2027 жылға қарай әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасқа жетеді.

Қазақстан үкіметі зейнетке ерте шыққан азаматтар жеткілікті зейнетақы қорын жинап үлгермейді деп мәлімдеген. Еңбек министрлігі “Зейнетақы жүйесіне қатысу уақыты қысқа болғандықтан, базалық және жинақтық зейнетақы мөлшері азаяды, ал 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Әйелдер зейнетақы қорына көбірек ақша жинауы үшін зейнет жасын біртіндеп ұзартып отырмыз” деп түсіндірді. Ведомство дерегінше, елдегі зейнет жасы зерттеу қорытындыларына, қазақстандық және халықаралық сарапшылардың болжамдарына негізделген және әлемдегі экономикалық-демографиялық жағдайға сәйкес келеді.

Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың үшінші тоқсанындағы дерегінше, Қазақстанда тоғыз миллион адам еңбекке қабілетті жаста, оның 4,3 миллионы – әйел.

Әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен митинг. Ақтөбе, 29 тамыз 2022 жыл.


Азаттық радиосы

Поделись, чтобы люди узнали:
.