Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Жоғарғы сот: Соттар бас санитар коронавирус тарамайтынына кепілдік берсе ғана офлайнға көшеді

Қазақстанның Жоғарғы сотының ресми өкілі Айдос Садуақасов  құқық қорғаушылар мен азаматтардың сотты офлайн өткізу қажеттігі жөніндегі талабынан хабардар екенін, бірақ мұны іске асыруға бас санитар Ерлан Қиясовтың шектеуі қолбайлау болып тұрғанын мәлімдеді. Жұма күні, 5 қарашада ОртКом алаңында өткен сот реформасының барысы туралы брифингте QT редакциясының тілшісі Жоғарғы соттың азаматтық қоғам тарапынан жиі көтерілетін сот процестерін офлайн форматқа ауыстыру туралы талабының орындалу шарты мен мерзімін сұрады. «Бұл сұрақ біз үшін таңсық емес. Күнара немесе апта сайын көтеріледі. Азаматтарды соттардың офлайн өтуі алаңдатары анық. Әрине, сот жүйесі мен судьялар офлайнға көшуді қалайды. Өйткені сот процесінің көзбе-көз өтуі тиімді. Алайда еліміздегі карантин шектеуі толығымен алынған жоқ. Мемлекеттік бас санитар-дәрігердің қаулысына сәйкес, соттар адамдар көп топтасатын орын болып саналады. Сондықтан әзірге тиісті уәкілетті орынның рұқсаты болмайынша, 100% офлайн көше алмайтынымызды мәлімдейміз. Десе де қазіргі таңда бұл мәселе басшылық тарапынан қаралып жатыр, тиісті министрлікпен келісімнен кейін хабарлайтын боламыз», – деп мәлімдеді Садуақасов. Халық тұрмысында аса маңызды мекемелер аурухана, қоғамдық тамақтану орындары, ХҚКО қалыпты режимде қызмет етіп келеді. Жоғарғы сот сауда ойын-сауық орталықтары, басқа да әкімшілік органдар мен соттардың процесін салыстыруға болмайды деп есептейді. Ол басқа саладағы басшылар ауырып қалған жағдайда орын ауыстыра алады, ал «судья адамның тағдырына қатысты том-том істі қараған кезде ол өзі ғана жауап бере алады, басқа судья оны ауыстыра алмайды» деген уәж келтірді. 
«Сот процесінің онлайн өтуіне сот жүйесі мүдделі емес, оған құлшынып отырғамыз жоқ» деп көпті сендіруге тырысқан Садуақасов «жүйедегі кей қателіктер мен қиындықтар барын мойындады». «Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бізге карантин шектеуі жұмсартылсын, барынша сот процестерінде ешқандай коронавирус тарамайтынына кепілдік беретіні жөнінде хат келіп түскен жағдайда бірден офлайн форматқа көшетін боламыз. Мұның астарында ешбір саяси астар я мүдде көздеп отырғанымыз жоқ» деді ол. Жоғарғы соттың ресми өкілінің бұл сөзі жауапты санитар-дәрігерге шарт қойып отырғандай көрінді. Әйтпесе, осыған дейін көптеген мекемелердің жұмысына рұқсат етілерде онда коронавирустың тарамасына толық мәнде кепілдік бермегені белгілі. Қараша айының басында қазақстандық құқық қорғаушылар офлайн соттарды қалпына келтіруді талап етіп, қол жинай бастады. Авторлар әлеуметтік желіде президент Тоқаев пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа жолданатын хатта «сот өндірісінде адам құқығының бұзылуы жүйелі сипатқа ие болды, заңсыз шешімдер көбейді» деп жазды. «Індет қоғамдық саяси белсенділікті шектеуге жақсы сылтау болды» деген кәсіби ондаған құқық қорғаушы онлайн процестердің «манипулятивті ойын» алаңына айналғаны жайлы дабыл қаққан. Қазақстанда интернет жылдамдығының нашар әрі мардымсыздығына қарамастан, сот билігі онлайн режиімнен ажырағысы жоқ. Сарапшылар биліктің «тоңмойындығының» кесірінен көптеген азамат әділ сотқа тартылу құқығынан айырылды деп санайды. Биліктің соттарды «айрықша оқшаулауы» интернеті әлсіз немесе техника тілінен бейхабар азаматтар фундаментальді құқығы қорғалмауына әрі сақталмауына әкеп соқтырып отыр. Covid індетінің жазда қайталанған төртінші толқыны бүгінде бәсеңдеп, аурушаңдық тұрақтанды. Соған орай әлеуметтік нысандар мен қоғамдық түрлі мекемелер жұмысын толық режимде жалғастырып жатыр. Парламент пен министрліктер де қалыпты жұмысқа көшті. Эпидкартаға сәйкес, төрт өңірден өзге облыстар мен қалаларда дерт қатері төніп тұрған жоқ. Дегенмен азаматтар нұқсан келген я бұзылған құқығын қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратын сот институты «үңгірден шығуға» асығар емес. | Материалды көшіріп бассаңыз

Қазақстанның Жоғарғы сотының ресми өкілі Айдос Садуақасов. Фото: ҚР ОКҚ (ОртКом)

«ҚазақТаймс»

https://qazaqtimes.com/article/90573?fbclid=IwAR03aN8ZEfzOPjqGVeMJ9H_Eno5kOwpTF3jVXYs21mxK2ga5C3vbkUX-Dd8

Поделись, чтобы люди узнали:
.