Бішкекте ұсталған қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевтың анасы Бақтыбола Тұңғышбаева бүгін Қазақстандағы Қырғызстан консулдығының алдына келіп, консулдықтан ұлының мәселесін Қырғызстан билігіне жеткізуді сұрады.
“Қырғыз бауырлар, баламды сақтап қалыңдар” деген жазуы бар плакат ұстаған ана консулдық ғимараты алдында көзіне жас алып, Қырғызстан билігінен ұлын елге қайтармауды өтінді.
Қазақстандағы Қырғызстан консулына арнап жазған хатында Бақтыбола Тұңғышбаева ұлының Қазақстан билігін сынап, сол үшін қудаланып отырғаны туралы айтқан.
“Адамды саяси себеппен экстрадициялау адам құқығына қайшы келеді, осыны Қырғызстан үкіметіне айтуларыңызды сұраймын. Демократиялық мемлекетте саяси көзқарастары мен пікірін айтқаны үшін қуғындауға болмайды. Егер біздің елде әділ сот болса, мен мұндай өтінішпен келмес едім. Себебі, баламның кінәсіздігі сотта дәлелденетініне сенімді болар едім. Алайда біздің елде саяси айыптарға қатысты соттар әдетте, тәуелді және биліктің мүддесіне қарай сот шешім шығарады. Бұдан бөлек, елдің тергеу органдары азаптау мен адамның намысын қорлайтын өзге де әрекеттер қолданады” делінген мәлімдемеде.
Бақтыбола Тұңғышбаеваның сөзінше, ұлының бір көзіне жедел түрде операция жасау керек.
Мұнан соң Бақтыбола Тұңғышбаеваны Қырғызстан консулдығының өкілі ішке кіргізіп алып кетті. Шамамен жарты сағаттан соң шыққан Мұратбек Тұңғышбаевтың анасы өзін консулдық өкілі Қайратбек Жақыпов жылы қабылдап, мәлімдемелерін Қырғызстан билігіне жеткізетінін айтқан. Консулдықтан шыққан соң жергілікті полиция Бақтыбола Тұңғышбаеваны тоқтатып, құжаттарын тексерді. Мұнан соң Бақтыбола Тұңғышбаева үйіне бет алды.
Қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте тұрып жатқан жерінде ұстаған.
24 мамырда Қырғызстан бас прокуратурасы қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстан билігіне тапсыру туралы шешім шығарған. Бас прокуратура қаулысында оның ұсталуында «саяси астары жоқ» екені және оның азаптауға ұшырамайтыны туралы айтылған. Адвокат Нұрбек Тоқтақунов Қырғызстан бас прокуратурасының бұл шешіміне байланысты аппеляциялық шағымды осы аптада сотқа түсіретінін айтқан.
Мамырдың 28-і күні Бішкек қалалық соты Мұратбек Тұңғышбаевты екі айға қамау туралы Первомай аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Сот құжаттарына сәйкес, Қазақстанда Мұратбек Тұңғышбаевтың үстінен «қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру» (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 266-бабы 1-бөлімі) және «экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу» (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 405-бабы, 1-бөлімі) бойынша айыптар тағылып отырғаны жазылған.
Источник https://www.azattyq.org/
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.