Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

“Әуежайды басып алу” ісі бойынша сотқа барған тағы бір белсенді 15 тәулікке қамалды

26 қыркүйекте алматылық белсенді Асхат Берсәлімов “Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.  

Белсендінің айтуынша, ол күндізгі 10-нан бері Әуезов ауданының полиция басқармасында отырған. Сот сағат кешкі алтыдан аса басталған.

Сот Берсәлімовті Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің “Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша кінәлі деп тауып, 15 тәулікке қамаған. Оған мұндай айып 19 қыркүйек күні қалалық сот ғимаратының алдында “заңсыз жиынға” қатысқаны үшін тағылып отыр.

Белсендінің өзі мұнымен келіспейді. Ол сол күні сот ғимаратының алдына барғанын, бірақ ол жерде ешқандай митинг болмағанын айтады.

Бұған дейін Алматы қаласының әкімшілік соты “әуежайды басып алу” ісі бойынша өткен апелляциялық сот кезінде әлеуметтік желіде тікелей эфирден хабар таратқан белсенді Абзал Достияровты 15 күнге қамаған.

22 қыркүйекте Алматы соты белсенділер – Марат Тұрымбетов пен Майра Ғабдуллинаға әрқайсысына 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде (1 айлық есептік көрсеткіш – 3450 теңге) айыппұл салды. Оларды жұма күні таңертең полиция ұстап әкеткен. Түскі сағат 3 шамасында онлайн сот өтті. Екеуіне де “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша айып тағылған.

19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде “Әуежайды басып алу ісі бойынша” сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.

“Әуежайды басып алу ісі” бойынша апелляциялық шағымды қарау 19 қыркүйекте басталған.

Қаңтар оқиғасы кезінде “әуежайды басып алу ісі” бойынша үкімді 11 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты шығарған.

Судья Марат Кәкімжанов журналист, қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім оқыған. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелген.

Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелген.

Алматы қалалық сотының алды. 26 қыркүйек, 2023

Азаттык Радиосы

https://df5fuhl3vnmg5.cloudfront.net/a/32610089.html

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Общая информацияБольше записей в Общая информация »
.