Бейсенбі, 3 қарашада Алматы прокуратурасы Қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған белсенді Қосай Маханбаевты тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстыру туралы адвокат түсірген өтінішті қанағаттандырды. Бұл ақпаратты Азаттыққа Маханбаевтың қорғаушысы Жалғас Сапарханова хабарлады.
Бейсенбіде үйқамаққа ауыстыру туралы өтініштің бір аптадан бері қаралмай жатқанына наразы болған Маханбаевтың адвокаты мен туыстары Алматы қалалық прокуратурасына барды. Олардың арасында белсендінің 74 жастағы анасы Қаташ Шоланова да бар. Аяғынан жүре алмай қалған әжейді сіңлісі мен күйеу баласы қолтықтап әкелді.
— Келінім кетіп қалған. Қосай екеуіміз ғана қалғанбыз. Қазір жалғыз тұрамын. Тамыздан бері жүре алмай қалдым. Инфаркт, инсульт алдым. Содан бері ауруханадан ауруханаға барып, емделіп жатырмын. Қазірдің өзінде дәрімен отырмын. Қазір жағдайым өте нашар. Баламды бір көрсем деймін. Соты болғанша қасыма шығарса екен, — деді ұлының жағдайын ойлап көзіне жас алған қарт ана.
Адвокатының айтуынша, түстен кейін оларды қала прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев қабылдаған.
– Біздің көзімізше Ауғанбаев [арызға] қол қойып берді. Қазір іс құжаттарын тергеу сотына жіберіп жатыр. Ертең (4 қарашада) сот қараса, Қосай үйқамаққа шығады. Іс құжаттарды тергеушілер дайындап жатыр. Бүгін сотқа тапсырады. Тергеу соты прокуратура қаулысын мақұлдап, Маханбаевты үйқамаққа ауыстырады деп үміттенемін — деді прокуратурадан шыққан Сапарханова.
Азаттық тілшісі бейсенбі күні Алматы прокуратурасына хабарласқан. Телефонды көтерген қызметкер «Маханбаевты үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш қанағаттандырылды ма?» деген сұраққа қала прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев жауап бере алатынын, бірақ оның азаматарды қабылдап жатқандықтан қолы бос емес екенін жеткізді.
38 жастағы Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған азаматтардың бірі. Оған Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. Маханбаев «Жаппай тәртіпсіздік» (272-бап) бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған. Биыл наурызда ол “ешқайда кетпеу” турлы қолхатпен босатылған.
Бостандыққа шыққан соң Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптағандар жазалансын деген талаппен бірнеше рет наразылық шарасына қатысқан. Полиция оны сол әрекеті үшін айыптап, 15 күнге қамаған. Кейін белсендінің бұлтартпас шарасы өзгертіліп, тергеу изоляторына қамалды.
Қазан айының басында Алматы прокуратурасы Қосай Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болған.
Азаттык радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.