Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Митинг қарсаңында Шымкентте белсенді 10 күнге қамалды

29 сәуір кешке Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты азаматтық белсенді Ерғали Құлбаевты “рұқсат етілмеген жер митингісіне шыққаны үшін” 10 күнге қамады.

Әкімшілік соттың кеңсе меңгерушісі Ерік Сихымбаевтың хабарлауынша, Ерғали Құлбаев Әкімшілік кодекстің “Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабымен (488-бап 11-бөлігі) кінәлі деп танылған.

Ерғали Құлбаев 29 сәуір күні түсте өзі жұмыс істеп жатқан құрылыс нысанына полиция қызметкерлері келгенін хабарлаған. Белсенді мұны “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы ұйымдастырып жатқан митингімен байланыстырған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты “экстремистік ұйым” деп танығанмен Еуропарламент “бейбіт оппозициялық ұйым” деп атаған).

Құлбаев сот басталмастан бұрын Азаттыққа әкімшілік іс 24 сәуір күні кешке Шымкенттегі Ордабасы алаңына бір топ белсенді жиналып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы екенін айтып, наразылық білдірген шарамен байланысты екенін жеткізген. Кейінірек белсенді телефон қоңырауына жауап бермеді.

Құлбаев жыл басынан бері “заңсыз митингіге қатысқаны” үшін осымен үшінші рет қамалып отыр.

26 сәуір күні әкімшілік сот белсенді Данияр Байтілеуді “жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы митингіге шақырғаны үшін” 15 күнге қамаған. Құлбаев пен Байтілеу бұған дейін жерді шетелдіктерге сату және жалға беруге қарсы өткен, саяси тұтқындарға бостандық талап еткен бірнеше митингіге қатысқан. Бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, шетелде тұратын Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов жақтастарын 1 мамырда жаппай наразылыққа шақырған еді. Осыған дейін митинг тақырыбы: саяси тұтқындарға бостандық, Еуропарламент резолюциясының орындалуы, мәжбүрлі вакцинацияға жол бермеу және қымбатшылық болатыны хабарланды.

Қазақстанда осыған ұқсас бейбіт митинг өтетіні хабарланған кезде жер-жерде полицияның белсенділерді бөлімшеге шақырып, ұстап, қамауы жиілей бастайды. Бұл жолы да Қазақстанның түкпір-түкпірінен сондай ақпараттар түсіп жатыр. 28-29 сәуірде Алматыда кемінде екі белсенді қамалған.

Қазақстан билігі оппозициялық белсенділер мен бейбіт шеруге шыққандарды ұстағаны үшін жиі сынға ұшырайды. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі қабылдаған бейбіт жиын туралы заңның халықаралық стандартқа сәйкес еместігін атап өтеді. Бұл заң митинг өткізбей тұрып жергілікті билікке ескерту жасауға міндеттейді. Әкімдік ондаған себеппен митинг өткізу туралы өтінішті кері қайтара алады. Белсенділер бейбіт жиын өткізу еркіндігіне Ата заң кепілдік бергендіктен полиция мен ішкі саясат, прокуратура өкілдерінің әрекетін заңсыз деп санайды.

Дилара Иса

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Кулбаев ЕргалиБольше записей в Кулбаев Ергали »
.