Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Астанада кемі екі жерде полиция адамдарды ұстап әкетті, Алматыда алаңдар жабылды

Нұр-Сұлтандағы Кенесары ескерткішінің жанында Жаңаөзендегі акцияға қолдау білдіріп келген үш адамды полиция ұстап алып кетті. Бұған қоса полиция Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтіріп, оның видео түсіруіне бөгет жасады.

Үш адам Кенесары ескерткіші жанына келіп, қымбатшылыққа байланысты талаптарын айта бастаған. Полицейлер біраз тыңдап тұрған соң көп ұзамай арнайы жасақ өкілдері келіп, оларды күштеп алып кетіп, полицияның сары автобусына салып алды. Маңайда полицейлер көп. Тәртіп сақшылары автозак әкеліп қойған, автобустар да байқалады.

Полицейлер Азаттық тілшісінің камерасын көлегейлеп, ұстауды түсіруге кедергі жасады. Бір топ полиция қызметкері тілшінің жолын бөгеп, адамдарды ұстап жатқан жерге жібермей тұрды. Полицейлер аты-жөнін атамады, бұл әрекетінің себебін түсіндірмеді.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі алдына жиналған бір топ адамға полиция өкілдері, азаматтық киімдегі адамдар келіп, жиынның заңсыздығын айтып, таратпақ болған. Бұдан соң арнайы жасақ өкілдері оларды күштеп автобусқа салып әкеткен.

Алматыдағы Республика алаңы мен Астана алаңын полиция жауып, күзетке алды. Жан-жағынан келген көліктерді алаңға өткізбей, басқа жолға бұрып жатыр. Екі алаң мен оның айналасында полицияның бірнеше жеңіл көлігі және ішінде полиция қызметкерлері бар автобустар тұр. Алаңды не үшін жапқаны және полиция қызметкерлерінің не себептен көбейгені жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлерінің бірі “митингіге байланысты күшейтілген режим” деп қысқа жауап берді. Нақты қандай митингі жайлы екенін айтпады. .Кешеден бері әлеуметтік желіде түрлі саяси топтардың белсенділері газ бағасын арзандатуды талап етіп наразылыққа шыққа

3 қаңтарда таңертең Демократиялық партия құру жөнінде бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай сағат 14-ке орталық алаңға шығуға шақырып, үндеу жариялаған. Біраз уақыттан кейін Алматы қалалық полиция департаменті Мамайды қалалық тергеу басқармасына 3 қаңтар сағат 12-ге “қылмыстық іс бойынша” жауап беруге шақырту жіберді деген ақпарат тарады.

Шымкенттегі Әл-Фараби даңғылы, Қызғалдақ су бұрқағы маңында полиция күзеті күшейген.

2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып, қолдау білдіретіндерін айтқан.

Республика алаңы маңында жүрген полиция өкілдері. Алматы, 3 қаңтар 2022 жыл

Дархан Өмірбек
Асылхан Мамашұлы  радио “Азаттык”

https://www.azattyq.org/a/almaty-nur-sultan-protests/31637104.html?fbclid=IwAR1YbGzir4_6-V0oTdG5MAxsFY2aK9Bm5vgMP4LKFBaKYo3wfhuS7AtDOfQ

 
Поделись, чтобы люди узнали:
.