13 ақпанда күндіз Алматының Республика алаңында қалған ондаған адамға жергілікті прокуратура және әкімдік өкілдері келіп, шараның “заңсыз” екенін ескертіп, тарауды сұрады. Жексенбі күні бірнеше сағатқа созылған Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасынан кейін жиналғандардың бір бөлігі тарап, бір бөлігі қалған еді.
Полиция демонстранттарға дүкеннен тамақ әкелуге кеткен үш әйелді ұстаған. Олар Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Алаңдағы наразылар оларды босатуды және алаңға әкелуді талап етті. Ал прокуратура өкілдері наразылар митингіні тоқтатса, демонстранттардың талабын орындайтынын жеткізген.
Күндізгі 4 жарым шамасында ұсталған үш адамның босатылғаны хабарланды. Прокуратура өкілдері жиналғандарға өздерімен бірге прокуратураға барып, талаптары жазылған өтініштерін тапсыруды ұсынған. Жиналғандар келіскен. Алаңда қалғандардың басым бөлігі – “Демократиялық партия” құрғысы келетін бастама топ өкілдері. Артынша он адам микроавтобуспен прокуратураға қарай кетті.
Кешкі сағат 5 жарым шамасында алаңда ешкім қалмады.
Жексенбі түсте Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап етті. Кейбір президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан. Бірнеше сағатқа созылған шарадан кейін наразылардың бір бөлігі тарап кеткен. Ал алаңда қалған ондаған адам палатка құрып, наразылықты жалғастыруға оқталған еді. Олар қала әкімі Ерболат Досаевтың алаңға келуін талап еткен. Көп ұзамай оларға құқық қорғау орган өкілдер келді. Аумақта полиция көбейіп, автозактар байқалған.
Зангар Омар Азаттык радиосы
1
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.