Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан Азаттық тілшілерін прокуратураға шақырды

Алматыда қаңтар оқиғасынан ақпарат таратқан Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы мен оператор Санат Нұрбековті прокуратураға шақырды.

Прокуратураның Азаттыққа жолдаған қаулысында тілшілердің 5 қаңтар күнгі оқиғаға байланысты шақыртылып отырғаны жазылған.

Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлының сөзіне қарағанда, тергеуші тілшілерден 5 қаңтар күнгі оқиғаға байланысты сұрақтар қойып, видео бар-жоғын сұраған. Сұрақ-жауап жарты сағатқа созылған. Тілшілердің жанында адвокаты Айман Омарова болды.

Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты журналистер алғаш рет тергеуге шақырылып отырған жоқ. Бұған дейін Қазақстанның түрлі өңірінде құқық қорғау органдары журналистерді шақырып, тергеген. 12 қаңтарда Ақтөбеде полиция наразылықтан хабар таратқан Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінді үш сағат тергеп, босатқан.

7 қаңтарда Орал соты митингіден ақпарат таратқан журналист Лұқпан Ахмедияровты 10 күнге қамады. Ақмола облысында әлеуметтік желіде “Тоқаев Путинге есеп берді…” деп жазба жазып, президентке сұрақтарын бағыттаған Kokshetau Asia сайтының редакторы Нұржан Баймулдин қамалды. Сот оны “төтенше жағдай кезінде тәртіптің бұзылуына ықпал ететін әрекет жасады” (478-бап) деп таныған.

Қаңтар айындағы наразылықтар мен тәртіпсіздіктер кезінде түрлі өңірде полиция оқиғадан ақпарат таратқан журналистерді ұстап, кәсіби қызметіне де кедергі келтірген. 5 қаңтарда Алматы мен астанада полиция Азаттықтың екі тілшісін күшпен ұстап, кейін босатты. Ұсталған журналистердің айтуынша, олар жилет киіп, қолдарына “Пресса” деген жазуы бар матаны таңып алған. Бірақ полиция соған қарамастан ұстап әкеткен. Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі наразылық кезінде 18 журналистің ұсталғанын хабарлаған

.Шеруге шыққан демонстранттар. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық радиосы

 

https://www.azattyq.org/a/31675381.html?fbclid=IwAR0XL4PQnhg4RffkDYvn_RSSc7U_iD9qM2Ema9eSc7HPWCPjBYWX2l_KUgM

Поделись, чтобы люди узнали:
.