Етегі жасқа толған халықтың сот органдарына деген шағымы шаш-етектен! Менің депутаттық құзіретімнен қорғау іздеген азаматтардан күніне бес өтініш келіп түсетін болса, соның құрығанда үшеуі соттан әділет таппаған азаматтардың еңіреген мұң-зары.
Сот ісіне ешкімнің, ешқандай мемлекеттік органның, тіпті ел президентінің де араласуға қақысы жоқ деген заңи қағиданы қалқан-қамал етіп алған соттардың ішінде (ғимарат ретінде түсіну керек) «ит өліп жатыр»: парақорлық пен сыбайластыққа жалғасқан әділетсіздік, заңсыздық және «белден басу» тыйылмақ түгілі, күннен-күнге өршіп бара жатқан сыңайлы.
Мынау суреттегі Бағыдат Қайыпов деген жігітті Қызылорда соты нашақорлық ісімен «закладчик» ретінде 11 жылға соттаған. Бірақ қылмыс жасалған-мыс кезде Бағыдат қылмыс орынынан 130 км. жерде вахталық жұмыста болған. Бұған дәлел ретіндегі видео да (қараңыз — уақытына дейін көрсетілген), сарапшылық құжат та, куәгерлер де бар. Бірақ қылмысты нақты жасаған біреулерді бүркеп қалу мақсатымен жазықсыз жігітке жала жабылған.
Әбүйір болғанда, ҚР Жоғарғы Соты төменгі инстанциялардың үкімін бұзып, істі қайта қарауға жіберген екен. Ал шекпеннің шенін сақтап қалуға тырысқан жергілікті сот сарапшылық және айғақ құжаттарды қылмыстық іске қабылдамай отырған көрінеді. Жуық бірер күнде үкім шығады: көрейік, Қызылорда соты ақиқатқа жолдас бола ма, жоқ әлде тағы да әділетсіздік жағына жығыла ма?
Біз мұндай көпе-көрнеу қиянатқа жол бере алмаймыз: бұл істі депутат ретінде бақылауға алдым. Сот органдары бұны шантаж деп қабылдамасын: менің қарауыма түскен осындай шағымдардың (арасында дәл осы Қызылордалық қиянат та бар) біраз топтамасын жуықта пленарлық отырысқа депутаттық сауал ретінде шығарамын!
Ермурат Бапи
Обсуждение закрыто.