31 мамырда,Астана қаласының әкімшілік соты тіркелмеген «Алға, Қазақстан» партиясының белсендісі Амангелді Жахинді 20 күнге қамап, одан бөлек партияның тағы бір өкілі Эльвира Бекзадинаға айыппұл салды. Бұл жөнінде «Белсенділер — экстремист емес» тобы хабарлады.
Бір күн бұрын аталған партияның өкілдері ұйымды тіркеуге 25-рет өтініш тапсырмақ болған кезде полиция Амангелді Жахин мен Эльвира Бекзадинаны ұстап әкеткен еді. Белсенділердің сөзінше, соның салдарынан олар әділет министрлігіне өтініш тапсыра алмаған. Сот қаулысында Амангелді Жахиннің биыл 14 наурызда Астанадағы әділет министрлігі алдында өзге де белсенділермен бірге «Алға, Қазақстан» және «Біз тіріміз» деп айғайлап, осылайша заңда көрсетілген «бейбіт жиын өткізу тәртібін» бұзғаны жазылған. Жахинге 488-баптың 11-бөлігі бойынша айып тағылған. Сотта Амангелді Жахин партияны тіркеу үшін белсенділермен бірге әділет министрлігіне барып, соңынан естелік үшін көппен бірге суретке түскенін айтқан. Митинг болғанын терістеп, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Сот оны 20 тәулікке қамаған. 60 жастағы Амангелді Жахин осыдан шамамен бір ай бұрын «полицияның талабына бағынбады» деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған еді. 31 мамырда сот тіркелмеген партияның өзге мүшесі Эльвира Бекзадинаны да «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (488-бап) деп танып, 110 мың теңге (шамамен 250 доллар) көлемінде айыппұл салған. Ол 2023 жылы 11 қазанда тіркелмеген партияның өзге де белсенділерімен бірге әділет министрлігіне құжат тапсырғаннан кейін партия жетекшісі, «саяси тұтқын» Марат Жыланбаевты босатуды талап еткені үшін әкімшілік жазаға тартылған. Мамырдың ортасында да «қауіпсіздік органы қызметкерінің талабына бағынбағаны» үшін сот белсенді Эльвира Бекзадинаға 110 760 теңге (250 доллар) айыппұл салған еді. Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, белсенді ол кезде «президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің бес жылындағы бес жетістігі» тақырыбында сауалнама жүргізбек болған. Сол үшін полиция оны ұстаған. Белсенді Эльвира Бекзадина сол кезде полицияның өзіне күш қолданғанын мәлімдеген.
Азаттык радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.