Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Нұр-Сұлтанда Қытай елшілігі алдындағы акция жарым түнге дейін жалғасты

Шыңжаңда қалған туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген он шақты адам Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында жарым түнге дейін тұрды. Олар ғимарат алдында қонып шықпақ болған, бірақ «қатты тоңғандықтан оларды үйге әкелдік» дейді белсенді Байболат Күнболатұлы.

– Олар Алматыдан келген кезде жылы киімдерін алмаған. Қатты жаурап кетті. Түн қатты суық болды. Шетімізден ауыра бастадық. Халида апа бұған дейін Алматыдағы Қытай консулдығы алдында 24 күн қонған. Сол кезде аяғынан суық өтіп кеткен. Кеше аяғы қатты ауырды. Полиция қайта-қайта келіп, көлікті дұрыс қоймадың деп мазалай берді. Содан кейін түнгі сағат 1-ден кете бере оларды үйге алып келдік. Бүгін акцияны жалғастырамыз, — деді белсенді 23 қыркүйек таңертең Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, елшілік маңында алты-жеті полицей жүріп шараны бақылаған. Азаматтық киім киген жеті-сегіз адамның да маңайды торуылдап жүргені байқалған. Әкімдік өкілі келіп, шараның «заңсыз» екенін айтып ескерткен.

Белсендінің айтуынша, олар сәрсенбі күні кешке қарай талап-тілектерін хатқа түсіріп, сыртқы істер министрлігіне тапсырған. Министрлік өкілдері «мәселені қарастырамыз» деп айтқан.

Азаттық тілшісі әзірге министрліктен жауап ала алмады.

Шыңжаңда қамалған немесе із-түзсіз жоғалған немесе ол жақтан Қазақстанға келе алмай отырған туыстарын іздеп жүрген бір топ адамның Қытай өкілдіктері алдында наразылық өткізіп жатқанына жеті айдан асты. Бірақ осы уақыт аралығында консулдықтан немесе елшіліктен ешкім шықпаған.

Наразылықтың Алматыдағы Қытай консулдығынан Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдына ауысқанына бейсенбі күні үш күн болады.

Сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың «Қытай азаматы» екенін және олардың «Қытай заңын бұзғанын» айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі «өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын» алға тартып келеді.

Бұған дейін Алматы соты Қытай консулдығы алдында пикет өткізген адамдарды бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартқан.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға «геноцид» жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп тұрған топ. 23 қыркүйек 2021 жыл.

fbclid=IwAR0kwMqkxUloJeeGvkjJBfPOdAgICAXxY77Mt6rtQ41bEonagSmNSoOAJGo

 

 

 

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Кунболатулы БайболатБольше записей в Кунболатулы Байболат »
.