15 маусым күні Шымкенттің Қаратау аудандық сотында «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» және «полицияны қорлады» деп айыпталған белсенді Нұржан Мұхаммедовке үкім оқылды. Сот белсендінің бостандығын екі жылға шектеп, үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына тыйым салды. Бір күн бұрын прокурор дәл осындай жаза сұраған еді.
Сот бұған қоса, белсендіні 140 сағат қоғамдық жұмыс істеуге және сот шығыны ретінде 27 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Осыған дейін Мұхаммедов «тыйым салынған ұйымның ісіне араласқанын» (нақты жағдайда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы», екеуін Қазақстан соты «экстремистік» деп танығанмен Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған) жоққа шығарып, ал полицияны қорлағанын ішінара мойындайтынын жеткізген.
Сот үкіміне сай, белсендінің 2021 жылдың 6 қаңтарынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында отырған бір күні екі күн болып есептеледі. Ол 15 маусымда абақтыдан босатылады. Сотқа белсенді онлайн қатысты.
46 жастағы белсенді соңғы бірнеше жылда»саяси тұтқындарға бостандық» талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны «заңсыз митингілерге» қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.
Былтыр қазан айында ол «полицияны қорлады» деп айыпталып, 220 мың теңге (80 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі) айыппұл алған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.
2019 жылдың 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмаған.
Дилара Иса
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.