Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қызылордада Ержан Елшібаевтың апелляциялық шағымы қаралып жатыр

Қызылорда облысының апелляциялық соты Жаңаөзендегі жұмыссыздар белсендісі Ержан Елшібаевтың шағымын қарай бастады. Елшібаев «түрме тәртібіне бағынбағаны үшін» өзіне жеті жыл қосқан сот үкімімен келіспейді. Белсенді Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Сәрсенбі күні сотқа Ержан Елшібаевтың өзі қатыспады. Адвокат Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, сот белсендіні процеске қатыстырмау себебін түсіндірмеген.

Жанар Сүндетқалиева сотта бірінші сатыдағы соттың әділ өтпегенін, Елшібаев өзі қалаған адвокаттың қызметін пайдалану құқығынан айырылғанын, куәлік еткендер белсенді қамауда отырған мекеме қызметкерлері екенін, оларды сотқа шақырып, қайта жауап алуды сұраған бірнеше өтінішінің бірде-бірі қаралмағанын айтты.

– Мүдделі мекеме қызметкерлері, басшысы, жедел уәкіл тәрізді бес куәнің сөзінен басқа істе нақты дәлел жоқ. Елшібаев қамауда отыр. Оған тыйым салынған затты сырттан кім әкеліп береді? Ол өзінің және айналасындағы басқа да сотталушылардың адами құқығының бұзылмауын талап еткені үшін жазаланып жатыр, – деді Жанар Сүндетқалиева сотта.

Оның сөзін Елшібаевтың екінші адвоткаты Шынқуат Байжанов та қостады.

– Ол Жаңаөзендегі жұмыссыздар мәселесін көтергені үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол түрмеде жатып, заңмен қарастырылған өзінің құқығын пайдаланып, мерзімінен бұрын босатуды сұрады. Бірақ қылмыстық атқару саласына оның түрмедегі жағдайды айтқаны ұнамады. Оны арандатып тағы жеті жылға соттады. Егер бұл үкім өзгермесе, түрмеде құқығы үшін ауыз ашқандардың бәрі соттала беретін болады, – деді Шынқуат Байжанов.

Адвокаттар Ержан Елшібаевты ақтап, оны босатуды сұрады.

Сот алқасы адвокаттар келтірген дәйектерді қарау үшін уақыт керектігін айтып, сотты кейінге қалдырды.

34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Қазақстанда “билік ауысып”, Қасым-Жомарт Тоқаев президент жарияланған соң жылдың “жастар жылы” аталғанын еске салып, Жаңаөзендегі жұмыссыз жастардың проблемасына назар аударуды талап етумен көзге түскен.

Ержан Елшібаевты 2019 жылғы 17 қарашада Жаңаөзен қаласының соты бес жылға бас бостандығынан айырған. Белсендіге “біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді” деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Тергеу органы Елшібаев 2017 жылы Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған деп мәлімдеген. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Елшібаевтың жаза мерзімінің аяқталуына шамамен бір жылдай уақыт қалғанда биыл 29 қыркүйекте сот белсендіні «түрме талаптарына бағынбады, тыйым салынған заттарды сақтады, өзіне қол салды, сотталушыларды бүлікке үгіттеді» (Қылмыстық Кодекс. 428-бап. Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау) деп танып, оның мерзіміне тағы 7 жыл түрме жазасын қосып берген. Сотта Елшібаев айыбын мойындамаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар “бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды” деп мәлімдеп, оны “саяси тұтқын” деп таныған.

2021 жылы 2 маусымда БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевтың ісінде “адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды” деген қорытынды жасап, оны қамаудан босатуды талап еткен. Еуропарламент те Қазақстандағы адам құқығы туралы резолюциясында Елшібаевты түрмеден босатуды сұраған.

Сот залына әкелінген белсенді Ержан Елшібаев (сол жақтан екінші) және жанындағы тұтқын Құттымұрат Есқараев. Қызылорда, 29 қыркүйек 2022 жыл.

 

https://www.azattyq.org/a/32145162.html?fbclid=IwAR1C1YI8Og7-Qv-xhX8erRwwc7K8Nyf0rXwe3cSEX-fK1-sw7iGT0tJfnUY

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Елшибаев ЕржанБольше записей в Елшибаев Ержан »
.