Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Шымкентте сот тергеуде өлген Жұмабаев ісі бойынша айыпталған төрт полицейді түрмеге жапты

30 маусымда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізілген 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевты “азаптап өлтірді” деген күдікпен айыпталған төрт полицейді кінәлі деп тауып, 2 жылдан 7 жыл 6 айға дейін түрмеге жапты. Айыпталушылар үкіммен келіспейді.

Судья Света Шынәлиева “билікті асыра пайдаланды” (362-бап) және “адам азаптады” (146-бап) деп айыпталған Дәулет Аймешовті – 7 жыл 6 айға, Уәлихан Жәнібековті – 7 жылға, Дінмұхаммед Исаевты – 3 жыл 6 айға, “азаптау” бабымен күдікке ілінген Әлішер Өткіровті 2 жылға бостандығынан айырды. Аймешов, Жәнібеков, Исаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде, Өткіров қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейді. Сонымен бірге 3 жылға дейін құқық қорғау органдарының басшылық қызметінде жұмыс істеу құқығы шектелді. Аймешов, Жәнібеков және Исаев полиция полковнигі шенінен, Өткіров полиция подполковнигі шенінен айырылды.

Бұған дейін айыпталушылар тағылған айыпты мойындамай, өздерін ақтап шығаруды сұраған. Полиция ғимаратында өлтірілген Нұрболат Жұмабаевпен бірге ұсталып, “азапталған” Сергей Петров “кешірмеймін, барынша ауыр жаза қолдануды сұраймын” деген.

Аймешев пен Жәнібеков – қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасарлары лауазымын, Исаев Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Өткіров полиция департаментінде жедел уәкіл болып жұмыс істеген. Төртеуі де оқиғадан кейін жұмыстан босатылған. 2021 жылғы 27 желтоқсанда қамауға алынған.

Істі сот 2022 жылғы 30 мамырда өндіріске қабылдаған.

Прокурор айыптау актісінде экс-полицейлер “ұрлық” бабымен күдікті болған марқұм Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петровты ұстау кезінде және қалалық полиция департаментінің қабырғасында 35 минут шамасында қалай азаптағанын айтқан. Ол қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркемей тергеу жүргізілгеніне тоқталған.

2021 жылы 8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізіліп, сонда қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев 11 желтоқсанда туған жері Қостанай қаласында жерленген.

Марқұмның туыстары оны “полиция ұрып өлтірді” деп айтқан. Бұған дейін полиция “жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше есінен танып, қайтыс болды” деген. Полиция департаментінің сол кездегі бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге “прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік қызметі жарақатының бәрін қарап шыққан. Алғашқы кезде көрініп тұрған жарақат жоқ деп айтты” деген еді. Ал марқұмның мәйітін көрген туыстары денесі қанталап кеткенін айтқан.

Полицейлер Жұмабаевты серігі Сергей Петровпен бірге департамент ғимаратына қаладағы ұрланған бірнеше көлікке қатысы бар күдікті ретінде жеткізген. Петров бұған дейін ақпарат құралдарына Жұмабаев пен өзін полицейлер ұрып-соққанын айтқан.

Жұмабаевтың туыстарының Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қазасына үш жайт: “шок”, “ұйқы безіне қан кету” және “ішінен алған жарақат” әсер етуі мүмкін деп көрсетілген. Мұны айыптау актісін оқыған прокурор да растаған.

Судья Света Шынәлиева 4 полицейдің ісі бойынша үкім оқып тұр. Шымкент, 30 маусым 2023 жыл.

 

Дилара Иса Азаттык Радиосы

 

https://d1kfkp8dkcoyo0.cloudfront.net/a/32483793.html

Поделись, чтобы люди узнали:
.