ейсенбі күні түнде әлеуметтік желіде Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан «саяси тұтқын» Ержан Елшібаев пен тағы бірнеше сотталушының өзіне қол жұмсауға мәжбүр болып жатқаны туралы видео тарады. 4 наурызда Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті «өзіне қол жұмсауға әрекеттенген» Елшібаевтың ауруханада жатқанын хабарлады.
Видео Ерлан Кенешбаев есімді желі қолданушының Facebook парақшасында жарияланған. Онда Ержан Елшібаев Қызылорда абақтысына түскеннен бері түрме қызметкері тарапынан бірнеше мәрте қысым көргенін, кейін сотталушылар арызынан соң оның басқа жұмысқа ауысып, ақпанда кері оралғанын, өздерін кабинетіне шақырып, қысым жасағанын баяндайды.
«Мен қазір өзіме қол жұмсаймын. Егер осыдан аман-есен қалмайтын жағдайда М.Е-ге (түрме әкімшілігі өкілінің аты-жөнін атайды) іс қозғауды сұраймын» деп аяқтайды сөзін.
Онымен бірге өзге сотталушылар Берік Бердешов пен Қайрат Бөрібаев та видео арқылы аты аталған түрме қызметкері араларына оралса өздерін азаптайды деп қорқатындарын айтқан.
ЗК-169/5 мекемесі бастығы міндетін атқарушы Бақыт Наурызбаев 4 наурызда мекемеде болған жағдайды (тұтқындардың өздеріне қол жұмсауға әрекеттенгенін — ред.) растады. Оның айтуынша, «өзіне қол жұмсаған екі сотталушы дәрігер көмегін алған, оның біреуі әлі ауруханада».
Мекеме бастығы оқиғаның 3 наурызда болғанын айтқанмен наразылық білдірген сотталушылар атын атамады.
— Екі сотталушы мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына қарсылық танытып, сол жақ кіндік тұсына екі сантиметр дене жарақатын салып отыр. Екеуі де қалалық ауруханаға жеткізіліп емделді, біреуі мекемеге әкелінді. Ал екіншісінің жағдайы қосымша тексерістен соң тағы анықталатын болды,- деді ол.
Бақыт Наурызбаев сотталушылар қарсылық білдірген түрме қызметкерінің де «мекемеде жұмысқа кеше ғана кіріскенін, әлі олармен кездеспегенін» айтып, тұтқындар наразылығын терістеуге тырысты.
Жұма күні жаңалық жарияланғаннан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа ауруханаға түскен тұтқынның Ержан Елшібаев екенін айтты. «Елшібаев қалалық ауруханада. Жағдайы тұрақты» деді.
ЗК-169\5 мекемесінде сотталушылар жиі наразылық білдіреді. 2021 жылы тамызда ЗК-169/5 мекемесінде төрт тұтқын: Абай Ұзынжасов, Берік Бердешов, Меңілік Бейбітов және Бақытжан Есенбаев түрме әкімшілігінің қысым мен қорлауына төзе алмай, өздерін жарақаттаған.
Түрме басшылығы оқиғаны растап, олардың емдеуге жіберілгенін айтқан еді.
34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар проблемасын көтеріп, әкімдік алдына талап айта бастағанда көзге түскен.
Оны 2019 жылғы 17 қарашада Жаңаөзен қаласы соты бес жылға бостандығынан айырған. Белсендіге «біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғауға 2017 жылғы бір оқиға ілік болған.
Құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.
Сәнияш Тойкен Азаттык радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.