Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қазақстан Шыңжаңнан қашқан үш қазаққа азаматтық беруден ресми түрде бас тартты

Қазақстан ішкі істер министрлігі Шыңжаңнан қашқан, қазір қолдарында босқын мәртебесі бар үш қазақ – Қайша Ақанға, Мұрагер Әлімұлына, Қастер Мұсаханұлына ресми хат жолдап, Қазақстан азаматтығы берілмейтінін айтқан. Бұл туралы Азаттыққа Қайша Ақан хабарлап, ІІМ хатын көрсетті.

“Көші-қон туралы” заңның 49-бабына сай, Қазақстанға заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған; сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстаннан тыс болған адамдарға азаматтық берілмейтіні жазылған. Осыған орай қазір Қазақстан азаматтығын беру мүмкін болмай тұр” деп жазылған Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаровтың қолы қойылған хатта.

Сәуірдің соңында көші-қон полициясы Шыңжаңнан қашқан төрт қазақтың үшеуіне, яғни Ақан, Әлімұлы және Мұсаханұлына “шекараны заңсыз кесіп өткені үшін” азаматтық берілмейтінін ауызша айтқан. Кейін ІІМ Қайша Ақанға олардың мәселесін қарастыратынын айтқан. 23 мамырда Азаттыққа азаматтық берілмейтіні туралы ресми жауап алғанын растады.

“Айналып келіп, ерте ме, кеш пе [бізді] Қытайға қайтаратын сияқты ғой” деді Қайша Азаттыққа.

Осыған дейін Қайша Ақан, Мұрагер Әлімұлы және Қастер Мұсаханұлы биліктен азаматтық я үшінші елге кетуге рұқсат беретін куәлік сұраған. Шыңжаңнан қашып келіп, босқын мәртебесін алған Бағашар Мәлікұлы өтініш бермеген.

Былтыр Қазақстан Әлімұлы, Мұсаханүлы, Ақан және Мәлікұлына бір жылға босқын мәртебесін берген. Шыңжаңнан қашқан тағы бір қазақ Тілек Тәбәрікұлы босқын мәртебесін сұрамаған. Ал Сайрагүл Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай Швецияға кеткен.

Бес қазақтың барлығы Шыңжаңдағы қысымнан, лагерьге қамалу қаупінен қашқандарын (БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда миллионнан аса мұсылманды лагерьге қамап ұстап отыр) айтқан. Қазақстан соты қазақ-қытай шекарасын бұзып өткен үшін жазалаған, бірақ елде қалдырған.

Азаттық радиосы

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.