Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қастер, Мұрагер мен Қайшаға Қазақстан тым болмағанда үшінші елге өтуіне жағдай жасауы керек

Шыңжаңдағы қысымнан қорқып, шекараны заңсыз кесіп Қазақстанға қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлына Қазақстан азаматтық бере алмаса, тым болмағанда үшінші елге кетуіне жағдай жасау керек. 18 қазанда үш азаматтың жағдайына байланысты Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи осылай деп мәлімдеді.

Ол Қазақстан билігінің бұл азаматтарға азаматтық бере алмауының себебін көршімен арадағы қарым-қатынаспен байланыстырады.

– Бұл азаматтар (Қазақстанға қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлы – ред.) Қазақстанда дәрігерге қаралу, жұмыс табу, тіпті сим-карта алу сияқты проблемаларға кезігіп отыр. Әрине, бұл жерде Қазақстан мен Қытай арасында жасалған түрлі мемлекеттік келісімдер бар ғой. Қазақстан біріншіден, жаңағыдай келісімдерге қайшы келгісі келмейді. Екіншіден, көршісінің ашуын тудырғысы келмейді. Бұл түсінікті жағдай, – дейді депутат.

Оның пікірінше, Қазақстан оларға құжат бере алмаса, тым болмағанда үшінші елге кетуіне жағдай жасауы керек.

“Бұл азаматтарға егер азаматтық бере алмасақ, тым болмағанда үшінші елге кетуге мүмкіндік жасауымыз керек” деді Ермұрат Бапи Азаттық тілшісіне.

Бірнеше жыл бұрын Шыңжаңдағы қысымнан қорқып, шекарадан заңсыз кесіп Қазақстанға қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы үш жылдан бері босқын куәлігімен ғана жүр. Ресми Астана оларға азаматтық та, басқа елге шығатын құжатты да бермей отыр. Қазақ босқындар “кейінгі уақытта Қытай жақ Шыңжаңдағы туыстарымызға қысым жасап, сол арқылы бізді кері қайтаруға тырысып жатыр” деп топшылайды.

Қазан айында олардың босқын мәртебесі туралы куәлігінің мерзімі тағы бір жылға ұзартылған. Бұған дейін Қазақстан көші-қон комитетінің өкілдері Азаттық тілшісіне “көші-қон заңына өзгерістер енгізіліп жатқандықтан олардың құжаттары дайын емес” екенін айтқан.

2017 жылдан бастап Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман халқын саяси лагерьге қамап жатқаны жайлы хабар тараған. БҰҰ есебінше, Шыңжаңдағы лагерьлерге миллион адам қамалған. Пекин бұл саясатын “экстремизммен күрес” деп түсіндіріп, лагерьлерді “кәсіп үйрету орталықтары” деп атайды. Лагерьге отырып шыққандар бұл жерде азапталғандарын, зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Шыңжаңдағы қысымға байланысты осы өлкеде тұрған ұйғырлар мен қазақтар Қытайдан қаша бастаған.

2017-2019 жылдар аралығында Қазақстанға Қытайдан қашып келген алты қазақтың төртеуі босқын – Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы және Бағашар Мәлікұлына босқын мәртебесі берілген. Алматы облысы Панфилов ауылында тұратын Тілек Тәбәрікұлы босқын мәртебесін ала алмай жүрген еді. Ал тағы бір Шыңжаң қазағы – Сайрагүл Сауытбай Қазақстан оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан соң 2019 жылғы 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға қоныс аударды

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

 

Азаттык Радиосы

 

https://d3l615zbb7ye3q.cloudfront.net/a/32642307.html

Поделись, чтобы люди узнали:
.