Ақтөбеде жиырмадай әйел қымбатшылықты айтып, облыс әкіміне келді

26 сәуір күні Ақтөбеде жиырмадан астам көп балалы әйел әкімдікке барып, қымбатшылықтың қысып бара жатқанына наразылық білдірді. Отбасы табысының азық-түлікке жетпейтін айтқан әйелдер облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қабылдауын талап етті.

— Еріккеннен келіп тұрған жоқпыз. Шынымен де күнкөрісіміз қиындап барады. Қиналып жүргенімізді айтайын деп келсек, Оразалин мырза халықтың алдына шықпай қойды. Халық сайлаған әкім болса олай етпес еді, — Миуа Бекбосынова.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған Нұргүл Бәйменова «Науқас балам киетін жөргектің бір түйірі 180 теңге болып кетті. Бұл не деген масқара?! Бесінші размерлі жөргектің күніне кем дегенде үш-төртеуі қажет. Одан бөлек азық-түліктің бағасы да аспандап барады. Жағдайымыз өте ауыр. Қазір қала дүкендерінен тұрақты баға табу қиын» деді.

Ал өзін Гүлмира деп таныстырған әйел «Ақтөбеде ең арзан картоптың келісі — 280 теңге. Жеті балаға сорпа пісіргенде кем дегенде екі келі картоп аршимыз. Ет дегенді мүлдем ұмыттық» деді.

Облыс әкімдігі жанында екі сағатқа жуық тұрған көп балалы әйелдерді түрлі мемлекеттік мекемелердің басшылары тыңдап, телефон нөмірлерін жазып алып жатты. Бұл кезде Оңдасын Оразалин облыс әкімі аппаратының жиынын өткізіп жатқан. Оңдасын Оразалин әдеттегідей наразылардың алдына шықпады.

Жиыннан кейін журналистерге берген сұқбатында Ақтөбе облысының әкімі «Азық-түліктің қымбаттағаны рас. Біз оны жоққа шығармаймыз. Бірақ Ақтөбе облысында бағаның күрт өсуі байқалмайды.Басқа өңірлермен салыстырғанда тұрақтылық бар» деп жауап берді.

Оразалиннің айтуынша, әлеуметтік проблемаларын айтып, әкімдік алдына келгендердің жағдайын жеке-жеке қарау керек. Әкім олардың арасында қымбатшылықтан қиналып жүргендер де, ахуалды пайдаланып қалғысы келетіндер де бар деп санайды.

Ақтөбе облыстық статистика департаменті кейінгі жылдары аймақта қымбатшылық болғанын мойындап отыр. Департаменттің мәліметінше, облыста кейінгі бір жылда өнеркәсіп тауарлары 18,5 пайызға қымбаттаған.

«Әсіресе наурыз айында көкөніс түрлері қымбаттай түсіп, аймақ ел бойынша антирекорд орнатқан» деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық статистика департаменті.

Қымбатшылық жайын айтып, Ақтөбе облысы әкімдігіне келіп тұрған көп балалы әйелдер. 26 сәуір 2022 жыл, Ақтөбе қаласы

Жанагүл Жұрсің  Азаттық радиосы

https://www.azattyq.org/a/31821672.html?fbclid=IwAR3vObru0Hyn-zj9iJHVMgDT5oqrV0GxGD0s0eSskkTYhvnC-vGyyTwA4Vs