Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ақтөбеде 405-бап бойынша күдікке ілінген белсенді видеоүндеуден кейін тергеу изоляторына қамалды

Үйқамақтағы белсенді Асылхан Жаубатыровтың бұлтартпас шарасы өзгеріп, 20 мамыр күні тергеу изоляторына қамалған. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің шешесі Ғалима Жаубатырова хабарлады.

Жаубатырованың сөзінше, онлайн сот 20 мамыр күні кешке таман болған. Одан бір күн бұрын полиция қызметкерлері Асылханды үйінен күштеп әкетіп, сотқа дейін уақытша изоляторда ұстаған.

– Биыл 5 наурыз бен 6 мамыр аралығында Асылхан 62 күн бойы үйқамақта болды. Үйқамақ мерзімі аяқталған соң 7 мамыр күні ұлым видео үндеу жазып, желіге салған. Видеода заңсыз қудаланғанын, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Яғни, өзін-өзі қорғағысы келген. Ұлымның әрекетінен ешқандай заңсыздық көріп тұрғаным жоқ. Өзін-өзі қорғамаса, оны кім қорғайды?! Сол видео үшін тергеу баламды “үйқамақ шартын бұзды” деп айыптап отыр. Қайдағы үйқамақ?! Үйқамақ мерзімі видео жарияланардан бір күн бұрын аяқталған, – дейді Ғалима Жаубатырова.

Белсенді Асылхан Жаубатыровтың видеосын желіге 7 мамыр күні Qaharman адам құқын қорғау қорының өкілі Алтынай Туксикова салған. Видеода Жаубатыров соңғы үш жылда бейбіт митингілерге қатысқаны үшін үстінен 8 рет әкімшілік іс қозғалып, 15 рет уақытша изоляторға қамалғанын айтады. “Адам құқықтары жиі бұзылады”, “Қазақстан адам құқықтары туралы Еуропарламент қарарын орындамай отыр” деп мәлімдеп, Португалияның сыртқы істер министрі Аугусту Сантуш Силвадан көмек сұраған.

– Биыл 6 наурыз күні Асылхан Жаубатыров “тыйым салынған ұйымның ісіне араласты” деген саяси астары бар айыппен үйқамаққа алынған. Үйқамақ мерзімі 6 мамыр күні аяқталуы тиіс еді. Тергеу үйқамақты тағы бір айға созып жіберген. Бірақ ешкім ол туралы Асылхан Жаубатыровты хабардар қылмаған , – дейді Qaharman адам құқын қорғау қорының өкілі Алтынай Туксикова.

Асылхан Жаубатыровтың бұлтартпас шарасы өзгеріп, тергеу изоляторына қамалғанын Ақтөбе облыстық прокуратурасы растады. Бірақ прокуратура Ақтөбе облыстық полиция департаментіне сілтеп, ақпарат бермеді. Азаттықтың сауалдарын полицияның баспасөз қызметі де жауапсыз қалдырды.

Жаңагүл Жүрсін

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.