2 сауір, Алматы.қ, Баспасөз мәслихатына жиналғандар оларды Қытай нотасынан кейін қамағанын мәлімдеді. Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, былтыр қамауға алынған тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының 19 мүшесінің мәселесі көтерілді. Жиынға қамауда отырған, істі болып жатқан азаматтардың жақындары қатысты. Естеріңізге сала кетсек, былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында «Атажұрт» ұйымының белсенділері наразылық акциясын өткізген. Олар Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шығып, Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып, «түзету лагеріне»қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен еді. Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен. Оқиғадан кейін полиция «Атажұрттың» 19 белсендісін ұстап, әуелі «Бұзақылық» бабымен әкімшілік жауапқа тартып, кейін «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен қылмыстық іс қозғаған. Қазір белсенділердің 13-і тергеу изоляторында, тағы алтауы үйқамақта отыр. Сот биыл қаңтарда басталған. Істі Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі соты қарап жатыр. Процесс сотталушылардың бірінің “өтініші” бойынша жабық өтіп жатыр. Баспасөз жиынында сөйлеген Нұргүл Ибраева «күйеуі Бекзат Мақсұтқанды қазақ билігі босатуы тиіс. Егер ондайға бармаған жағдайда, даусым, үнім естілетін барлық жаққа барып шағымданамын» деп ескертті. Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының мүшесі Дина Нұрдыбайдың сөзінше, белсенділердің істі болып, қамауға алынуы олардың отбасыларына ауыр тиген. Сөзінше, барлығы дерлік отбасының жалғыз асыраушысы. «Бейсенәлі Ақжігіт деген кісі ұсталып отыр. Ол кісінің бес баласы бар. Бір баласы мүгедектігімен тіркеуде тұр, денсаулығы жоқ. Барлық отбасыларда қиындық болып жатыр. Марғұлан Нұрданғазының ауырады, босанайын деп жатыр. 23 жастағы жап-жас әйелдің жүрегінен ақау шығып, бүгін келу керек еді, келе алмай қалды. Барлығы отбасыларының жалғыз асыраушылары. Барлығы қиналып жатыр. Беделхан Қабіләшімнің жеті баласы бар. Әйелі сегізіншісіне аяғы ауыр», – дейді ол. «Атажұрт» ұйымының мүшесі Оралхан Әбен былай деді: «Бұл азаматтар неге қамауға алынды? Бұл Қытай туын, оның ішінде Қытай басшысы Си Цзиньпиньнің суретін өртеуге байланысты. Туды не үшін өртеді? Қазақстанның азаматтығын 2016 жылы алған Әлімнұр Тұрғанбай Қытайға жүк көлігін айдап барған кезде, оны қамап тастады. Ол ешқандай да заңбұзушылық жасаған жоқ болатын. Содан оның жұбайы Сыртқы істер министрлігінің де, ішкі істер министрлігінің де, Қытай консулдығының да табалдырығын тоздырды. Ешқандай реакция болмады. Содан кейін Тұрғанбайдың жұбайы «Атажұрт» белсенділеріне Қытай туын өртеп, оның ісіне назар аударуға көмектесуді сұрады. Азаматтар «егер осы қадамға барсаң, біз жаныңда тұрамыз, қолдау білдіреміз» деді. Қытай туын өртеген соң көрші мемлекет бұған қарсылық білдіріп, нота жолдайды. Алғашқыда белсенділерді әкімшілік қамауға алған болатын. Кейін қылмыстық іс қозғалып, оларды түрмеге қамады. Алты айға жуықтады, олар әлі түрмеде отыр». Белсендінің пікірінше, бұл Қытайдың Қазақстанға тікелей ықпал ете алатынын білдіреді. Бір ғана нотамен 19 адамды түрмеге қамауы – көрші елдің қудалауға ұшырата алатынын байқатады деп санайды Әбен. Дина Нұрдыбай өзі де Қытай концлагерінде отырғанын, бәрін өз көзімен көргенін айтады. Әлі күнге дейін ондағы азаматтардың құқығы қорғалмай отырғанына да назар аударды белсенді. «Атажұрт» белсенділері қамауға алынған 19 адамды шартсыз босатып, оларды толыққанды ақтауға шақырды. Егер бұл орындалмаған жағдайда жан жаққа шағымданамыз деп мәлімдеді.

Сайт КМБПЧ







Обсуждение закрыто.