Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

«Медиа-орталық» журналистерге құқықтық және кеңестік көмек көрсетуге дайын

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры Қазақстанда тәуелсіз журналистерге қысым көрсету жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты ашық мәлімдеме жасайды. Атап айтқанда, Гүлнар Бажкенова, Самал Ибраева, Олег Гусев, Кирилл Павлов, Асхат Ниязов, Сандуғаш Дүйсенова және басқа да журналистер мен блогерлерге қатысты қудалау, шектеу қою, сотқа тарту жағдайлары туралы сөз болып отыр.
Біз алаңдатарлық үрдісті байқап отырмыз: диалог пен ашықтықтың орнына журналистерге әкімшілік, құқықтық және беделге нұқсан келтіретін тетіктер арқылы қысым жасалуда. Бұл тек жекелеген кәсіби мамандарға ғана емес, жалпы еркін баспасөз ұғымына да қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлар демократиялық қоғамның негізін бұзады әрі Қазақстанның ұлттық заңнамасын және адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелерін өрескел бұзады.
Біз мынаны атап көрсетеміз:
* Сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігіне Қазақстан Республикасының Конституциясы және елдің халықаралық міндеттемелері кепіл берген;
* Журналистерге жасалатын қысым азаматтардың билікке деген сеніміне нұқсан келтіреді және қоғам үшін маңызды ақпаратқа қолжетімділікті шектейді;
* Тәуелсіз журналистика қорқынышсыз, қысымсыз және цензурасыз жұмыс істеуі тиіс.
«Құқықтық медиа-орталық» келесі тараптарға үндеу жолдайды:
Мемлекеттік органдарды – қудалауға қатысты барлық деректерді ашық әрі объективті түрде тексеруге және журналистердің қауіпсіз әрі еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға;
Қоғамды – кәсіби қауымдастықпен ынтымақ танытып, сөз бостандығын қорғап жүрген азаматтарды қолдауға;
Халықаралық ұйымдарды – Қазақстандағы БАҚ бостандығының нашарлап бара жатқан жағдайына назар аударуға.
«Медиа-орталық» журналистер мен блогерлерге құқықтық және кеңестік көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдейді және олардың құқықтарының бұзылу жағдайларын жариялауды жалғастыра береді.
 
 
 
«Медиа-орталық»
 
 
 
Поделись, чтобы люди узнали:

Обсуждение закрыто.

.