Ресми мәліметте қаңтар қантөгісінде 227 адамның қайтыс болғаны айтылса да, бірақ билік мерт болған азаматтардың аты-жөнін толық жарияламай отыр. Марқұмдар мен оқиға салдарынан айыпталып жатқан азаматтардың тізімін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бастаған «Ар.Рух.Хақ» қоры мен азаматтық қоғамның өзге де ұйымдары, белсенді-еріктілер бірлесіп жасап жатыр.
Төреғожинаның айтуынша, құқық қорғаушылар қайтыс болған 143 адамның дерегін анықтаған. Олар тек Алматыдан ғана емес, түрлі облыс-қалалардан. Олардың аймақтардағы бөлінісі:
Алматы қаласы – 93 адам
Қызылорда қаласы – 9 адам
Тараз қаласы (Жамбыл облысы) – 16 адам
Талдықорған қаласы (Алматы облысы) – 10 адам
Өскемен қаласы – 3 адам
Семей қаласы – 2 адам
Шымкент қаласы – 8 адам
Атырау қаласы – 1 адам
Ақтөбе қаласы – 1 адам
10-15 күнге қамалған я айыппұл арқалағандардың ісі түгел дерлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабымен (Митинг ұйымдастыру-өткізу тәртібін бұзу) қаралған.
– 8,5 мың адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Көбін, жартысының ата-жөнін жарияладық. Тағы да іздестіріп жатырмыз. Жазаның басым бөлігі айыппұл, әкімшілік қамау ретінде тағайындалған. Аудан, ауыл, қала, республика көлемінде барлық өңірде тіркелді, – дейді құқық қорғаушы.
Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы айыпталып жатқандардың санын айту қиын деген құқық қорғаушы тізімдеу жалғасып жатыр дейді. Қазір қолда бары – Бас прокуратура келтірген дерек
– Алғашында 452, кейін 572, 600, 700, соңғы рет 900-ден аса адам ұсталғаны хабарланды. Азаматтардың іске қандай статуспен (куә я күдікті) тартылғаны белгісіз. Біз үнемі прокуратура мен полиция органдарынан тізім сұрап, ресми сұрау жолдап келеміз. Әзірге ешбіріне жауап беріле қойған жоқ. Бүгінге дейін тек 150-ден аса адамның аты-жөнін анықтау мүмкін болды. Адамдар қамаудағы жақын-таныстары туралы ақпарат беруден тартыңқырайды. Себебі журналистерге байланысар болса, оған зияны тиіп кете ме деп қорқады, – дейді ол.
Құқық қорғаушылар кезігіп жатқан басты қиындықтың бірі – жүрегі шайлыққан қоғамның бұйығы тартуы. «Қоғам әбден үрейленіп қалған. Бұрын-соңды мұндай жағдаймен бетпе-кет келіп көрмегенбіз. Сондықтан бізде осыншама көп адамға бірден көмек көрсетуге арналған арнайы қабілет жоғын жасырмаймын». Төреғожинаның сөзінше, құқық қорғаушылар мен еріктілер қолдан келгенше, интуитивті түрде жұмыс істеп жатыр.
– Біздің ұйымда қызметкер көп емес. Ал жұмыс өте ауқымды. Ерікті ретінде қатарымызға қосылып, көмектесуге атсалысып жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Ұсталғандар мен марқұмдардың тізімін түзуге құжаттама жағынан болысқан еріктілерге, зардап шеккен отбасыларға жылу жинап, көмек беріп жатқан АҚШ-тағы қазақ жастарына, істің ауырлығына қарамастан келіскен адвокаттарға алғыс айтқым келеді, – дейді лебізін білдіріп.
Құқық қорғаушылардың біріккен бастамашыл тобы қайтыс болғандар мен ұсталғандардың тізімін жасаумен, қолдауға мұқтаж жандарды басқа қайырымдылық қорларымен байланыстырумен айналысып жатыр. «Ар.Рух.Хақ» ұйымы 21 адамға адвокат тауып берген.
Төреғожина деректер уақыт өте толыға түсетінін айтады. Қоғам бастан кешірген аласапыраннан есін жиып, өзіне келген соң көптеген дәйекті ақпараттар мәлім болады.
– Ұсталғандар мен айыпталып жатқан, қайтыс болған адамдардың туыстары қатты күйзеліске ұшырады. Адамдар бейбіт елде осыншама адамның қазасына қалай жол берілгеніне сене алмай отыр. Қаншама адам көз жұмды. Қазір қоғам қара жамылып отыр, өзіне келе алмай есеңгіреп қалғаны белгілі. Күтуге тура келеді. Кейін өзіне келген соң, қаза тапқандар мен ұсталғандар туралы ашып айтар деп ойлаймын, – дейді құқық қорғаушы сарапшы.
Ә дегеннен бейбіт түрде басталып, осы сипатта өрбіп, жергілікті биліктің дер кезінде диалогқа келе алмауы және жағдайды игере алмауы себепті, сондай-ақ әлдебір арандатушы топтың араласуымен соңы бүлікке, қантөгіске ұласқан қаңтар трагедиясы Қазақстанның жаңа тарихына ең ірі қырғын ретінде қатталды. Салдарынан 10 мыңнан аса адам ұсталды. Билік «сырттан ұйымдасқан террроршылардың басқыншылығы», кейін арнайы қызметтер мен әлдекімдер «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болды деп атады. Бірақ 20 мың терроршы жөнінде нақты дәлел көрсетпеді.
Күлтегін Аспанұлы «Орда»
https://kaz.orda.kz/ba-ytzhan-t-re-ozhina-o-am-atty-ese-girep-aldy-ua-yt-kerek/
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.