Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Сот Ардақ Әшімнің қылмыстық ісін тоқтатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді

Мамырдың 10-ы күні Шымкенттегі Абай аудандық соты белсенді Ардақ Әшімді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі амбулаторлық емдеу үкімін шығарды.

 

«АМБУЛАТОРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ПСИХИАТРДА ЕМДЕУ»

Сот тергеуі таңғы сағат 10.00-ден басталып, түскі үзілістен кейін отырыс қайта жалғастырды. Судья Қанат Мылтықбаев кешкі сағат алтылар шамасында үкімді оқыды. Судья Ардақ Әшімді қылмыстық жауапкершіліктен босатқанымен, мәжбүрлі амбулаторлық емделуге жіберді.

— Ардақ Әшімді Қылмыстық кодекстің 174-бабымен көзделген қоғамға қауіпті қылмысы заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 16 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Оған қатысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылсын. Тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық мәжбүрлік бақылау және психиатрда емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы тағайындалсын, — деді судья Қанат Мылтықбаев.

Үкімді тыңдауға жүйке жүйелер ауруханасынан шығарылған Ардақ Әшім келмеді. Сот тергеуі кезінде прокурор Арман Өтегенов сотқа дейінгі тергеу кезінде Ардақ Әшімнің Facebook желісінде және жеке тұрғын үйін тінту кезінде ноутбугінен ұлттық, рулық алауыздықты тудыратын жазбалар табылғанын атап өтті. Оның сөзінше, белсенді өз жазбаларында қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған. Прокурордың айтуынша, Ардақ Әшімнің ұлттық, рулық алауыздықты қасақана туғызу мақсаты болған

Ардақ Әшімнің заңды өкілі, қызы Айнұр Әшім прокурордың айыптау актісімен мүлде келіспейтінін жеткізді.

— Анамның үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз болған жазбалардың бәріне сараптама тағайындауды сұрадық. Тергеуші қанағаттандырмады. Бұл жазбалардың бірде-бірінің қай күні жазылғанын, қай уақытта жариялағанын, оны анамның жазғанын растайтын дәлелдемелер жоқ. Наурыз айында үйге тінту жүргізіп, барлық техниканы тәркіледі. Анамның аккаунтын (Facebook парақшасын – ред.) бұзып тастады. Анамды жүйке аурулары ауруханасында тіркеуде тұрған дейді. Тіркеуде тұрғанын растайтын медициналық құжаттардың түпнұсқасын не көшірмесін іске тіркемеді, бізге таныстырмады. Ол тіркеуде тұрған болса біз неге білмейміз? Тәуелсіз сараптама тағайындауды сұрасақ, оған да рұқсат етпеді. Бір сөзбен айтқанда анамның да, біздің де құқығымызды аяқпен таптап отыр, — деді белсендінің қызы.

«ПСИХИКАЛЫҚ АУРУ БЕЛГІЛЕР БАЙҚАЛМАДЫ»

Сот тергеуінде бес куәгер сұралды. Олардың бірі облыстық сот-медициналық сараптама орталығының психиатры Нұржамал Бөлегенова Ардақ Әшімнің медициналық карталарымен танысып, «аурудың қозу кезеңі» екенін ескертті. Кейін Ардақ Әшімді мәжбүрлі емдеуге ұсыныс білдірді.

Судья Мылтықбаев маманнан «Ардақ Әшім қоғамға қаншалықты қауіпті?» деп сұрады. Судья сұрағына психиатр: «Егер мынадай мақалалар жарияласа…» деп бастап, кейін ізінше аурудың белгілерін түсіндіріп кетті.

Ал облыстық жүйке аурулары ауруханасының әйелдер бөлімшесінің меңгерушісі Ақмоншақ Аяпбергенова Ардақ Әшім ауруханаға сот шешімімен қауіпсіздік шарасы ретінде жатқызылғандықтан ешбір ем тағайындалмағанын айтты.

-Ардақ Әшім ауруханада жатқан уақытта өзін жақсы ұстады. Психикалық ауру белгілері байқалмады. Меніңше, Ардақ Әшімге амбулаторлық емдеу қажет емес, бақылауды ұстау керек, — деді Ақмоншақ Аяпбергенова.

Адвокат Ғалия Аяпбергенованың айтуынша, Ардақ Әшімнің құқығы тергеу басталған уақыттан бері бірнеше рет бұзылған. Ол іс бойынша куә ретінде тіркеліп, жауап берген. Күдікті ретінде жауап алынбаған. Облыстық ішкі саясат басқармасы бұл іске қатысты құжаттарды 2017 жылдың желтоқсан айында Еңбекші аудандық ішкі істер бөліміне де жіберген. Ол уақытта қылмыстық құрам болмағандықтан іс қысқартылған.

— Тергеу басқармасы қылмыстық құрам жоқ деп қысқартылған құжаттарды қайта сараптамадан өткізіп, Ардақ Әшімнің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Ардақ Әшімнің Facebook желісіндегі жазбалары мен айыптауға негіз болған жазбалар сәйкес келмейді. Сөздері, жазу стилі өзгеше. Егер ол жүйке аурулары ауруханасында 2005 жылдан бері тіркеуде болса, 2007 жылы көлік жүргізу куәлігін алғанда, 2008 жылы бала асырап алған кезде жүйке аурулары ауруханасында тіркеуде емес деген анықтаманы неге берген? Біз Ардақ Әшімге тағылған айып дәлелденбеді деп есептейміз. Соттан істі тоқтатуды сұраймыз, — деді белсендінің адвокаты.

Жарыссөзде прокурор Арман Өтегенов белсенді Ардақ Әшімге тағылған айып дәлелденгенін, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын белгілеуді, бірақ психикасының бұзылғаны дәлелденгендіктен қылмыстық жазадан босата отырып, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды сұрады.

Судья прокурор ұсынысымен келісіп, белсендіні сот залынан босатты. Ардақ Әшімнің күйеуі Әбді Әшімов пен қызы Айнұр Әшім соттың үкіміне апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты.

Облыстық апелляциялық сот алқасы мамырдың 5-і күні Абай аудандық сотының судьясы Сержан Айнабековтің Ардақ Әшімді жүйке дерті ауруханасына мәжбүрлеп жатқызу мерзімін бір айға ұзарту туралы шығарған қаулысын бұзып, белсендіні ауруханадан шығарған.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны наурыздың 27-сінде шығарған. Белсендінің туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенімен облыстық сот шағымды қанағаттандырмаған болатын.

Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде «билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын», осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша іс қозғалғаны жөнінде хабарлаған.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.

Источник https://www.azattyq.org/

Поделись, чтобы люди узнали:
.