Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Алматыдағы “жер митингісіне” жиналған наразылар билікке жаңа талаптар қойды

15 мамырда 40 шақты адам Алматыдағы Тәуелсіздік монументі маңына митингіге жиналып, “жер мәселесін” көтерді. Олар Қазақстан заңнамасына ауылшаруашылық жерін жеке меншікке сатуға толық тыйым салатын норманы енгізуді, Қытаймен бірлескен өнеркәсіп жобаларын тоқтатуды талап етті.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай жақтастарын сенбі күні өтетін осы митингіге жиналуға шақырып келген.

Мамай бастаған топ 24 сәуірде Алматыда наразылық жиынын өткізіп, жұрттың қарсылығын тудырған жер қатынастары туралы заң жобасын қарауды тоқтатуды талап еткен. Белсенділердің айтуы бойынша, билік жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді деп сендіргеніне қарамастан, заң жобасында шетел азаматтарына “орман өсіру” мақсатында жерді жалға беру туралы норма қалдырылған. Мамыр айында парламент бұл норманы алып тастады, ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды.

– Жер мәселесі түбегейлі шешілді деп қуануға әлі ерте. Себебі бұл билікке ешқандай сенім жоқ. Түрлі қитұрқылықтарды ойлап тауып, жерді шетелдіктерге жалға беруді, іс жүзінде сатуды көздеп келген саяси режим бұл ойынан әлі де айныған жоқ. Олар болашақта тағы да бір айлаға басып, жерді саудаға шығаруды тағы да көздеуі мүмкін. Біз бұл мәселені жіті қадағалап отырамыз. Егер қазақтың жеріне қатер төнсе, билік жерді шетелдіктерге беруді көздесе, сол мезетте алаңға шығып, қарсылық танытамыз, – деді Жанболат Мамай.

Жанболат Мамай мен оның жақтастары "жер заңына" қарсылық білдіріп тұр. Алматы, Республика алаңы. 15 мамыр, 2021 жыл.
Жанболат Мамай мен оның жақтастары “жер заңына” қарсылық білдіріп тұр. Алматы, Республика алаңы. 15 мамыр, 2021 жыл.

Оның айтуынша, заңда ауылшаруашылық жерін шетелдіктерге ғана емес, Қазақстан азаматтарына да сатуға тыйым салынуы керек. Жерге жеке меншік болса, “латифундистер” мен “санаулы байшікештер” барлық жерді меншіктеп алады, “ал миллиондаған халық өз атамекенінде жерсіз, қонақ болып қалмақ” деді Жанболат Мамай.

Мамай мен оның жақтастары Қазақстандағы ірі жер иеленушілердің мәліметтерін ашық жариялауды талап етті. Олардың айтуынша, ірі жер иелерінің арасында бұрын жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарған адамдар мен олардың жақындары бар.

Бұған қоса, митингіге жиналғандар Қытаймен бірлескен өнеркәсіп нысандарын салу жобасын тоқтатып, бұл елден несие алуды доғаруды, Қазақстанның Пекинге берешегінің көлемін ашық жариялауды талап етті. Белсенділердің айтуынша, бұл жобалар Қытайдың Қазақстанды “экспансиялау” құралы саналады.

Алаңда наразылық білдірген топтың қасына әкімдік пен прокуратура қызметкерлері келіп, шараның заңсыз екенін айтты. Митингіге келген жұрт тарау туралы ескертуге құлақ аспай, “Прокурор, кет!” деп айқайлады.

Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев "жер митингісіне" жиналғандарға ескерту айтып тұр. Алматы, 15 мамыр 2021 жыл.
Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев “жер митингісіне” жиналғандарға ескерту айтып тұр. Алматы, 15 мамыр 2021 жыл.

Шара шамамен бір сағатқа созылды, митинг кезінде Республика алаңы мен оның маңайындағы аумақта мобильді интернет болмай қалды.

Азаттық Радиосы

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Мамай ЖанболатБольше записей в Мамай Жанболат »
.