Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Жаңаөзендік белсенділер Астанаға келіп, Ержан Елшібаевты босатуды талап етті

29 қарашада жаңаөзендік бірнеше белсенді саяси тұтқын Ержан Елшібаевты босатуды талап етіп, Астанаға келді. Олар бас прокуратура мен президент әкімшілігіне арыз тапсырды.

Астанаға Нұрлыбек Нұрғалиев (2011 жылы Жаңаөзен оқиғасында тамағына оқ тиген), Жаңаөзен оқиғасына қатысқан Мұратбай Жұмағалиев пен 2019 жылғы Жаңаөзенде жұмыссыз жастардың наразылығына қатысқан Ғазиз Махамбетов келген.

Олар алдымен бас прокуратураға, содан соң президент әкімшілігіне арыз тапсырып, Қызылорда абақтысындағы Ержан Елшібаевқа қозғалған қылмыстық істі қайта қарап, оны босатуды талап етті. Ғазиз Махамбетов 2019 жыл Қазақстанда «жастар жылы» деп жарияланған соң Ержан Елшібаевпен бірге Жаңаөзендегі жұмыссыздар мәселесін қозғап, әкімдік алдына келіп билікке талап қойғандарын айтты.

— Мен билік Ержан Елшібаевқа саяси қуғын-сүргін жасап отыр деп санаймын. Өйткені оны 2017 жылы көшедегі төбелес үшін ешкім арыз жазбаса да «оқиға болды» деп соттауы – соның дәлелі. Оған түрмедегі сотталушылар мен өзінің құқығының сақталуын, түрме қызметкерлерінің ар-ожданына тимеуін сұрағаны үшін тағы жеті жыл жамап отыр. Бұл – әділетсіздік. Біз істі қысқартып, Елшібаевты босатуды талап етеміз, — деді Ғазиз Махамбетов.

Олар «бас прокуратура арызды қаруға уәде бергенін, президент әкімшілігі арызды тіркеп алғанын» айтады.

Жаңаөзеннен келген үшеу кешкі пойызбен кері қайтып кетті. Олар бұл мәселені Жаңаөзенде жергілікті халықпен тағы талқыланатынын айтады.

34 жастағы Ержан Елшібаевты 2019 жылғы 17 қарашада Жаңаөзен қаласының соты бес жылға бас бостандығынан айырған. Белсендіге «біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Тергеу органы Елшібаев 2017 жылы Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған деп мәлімдеген. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Елшібаевтың жаза мерзімінің аяқталуына шамамен бір жылдай уақыт қалғанда биыл 29 қыркүйекте сот белсендіні «түрме талаптарына бағынбады, тыйым салынған заттарды сақтады, өзіне қол салды, сотталушыларды бүлікке үгіттеді» (Қылмыстық кодекстің «Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау» бабы) деп танып, оған тағы тағы 7 жыл түрме жазасын қосып берген. Сотта Елшібаев айыбын мойындамаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар «бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды» деп мәлімдеп, оны «саяси тұтқын» деп таныған.

 

Ержан Елшібаев сотта. Қызылорда, 22 қыркүйек 2022 жыл.

Сәния Тойкен Азаттык радиосы

 

https://www.azattyq.org/a/32154110.html?fbclid=IwAR1zOASHzVoIuGMN3AYUiH6DVSDpkv-i96z2K2IeDv979S3m2rzaObuM0Hs

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Елшибаев ЕржанБольше записей в Елшибаев Ержан »
.