Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Оралда жер заңына қарсы жиын өтті

24 сәуірде Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында ауылшаруашылық жерін сатуға қарсы тұрғындардың митингісі өтті. Мәншүк Мәметова алаңында өткен жиынға жиырма шақты адам жиналды. Қала әкімшілігі бұл шараны ұйымдастыруға рұқсат бермеген.

Белсенділер жиынды жергілікті уақытпен сағат 10-ға белгілегенмен, митинг 12-лерде басталды. Ұйымдастырушылар мен акцияға қатысушылар алаңға кіре алмады, себебі таңертеңнен алаңның айналасын полиция қызметкерлері күзетті, бұған қоса жақын маңдағы аулалар мен көше қиылыстарында полиция көліктері тұрды.

— Алаңға жарты сағат бойы жете алмадық, өйткені алаң қоршалған, барлық жерде полиция қызметкерлері жүр. Жұрт таңғы 10-ға қарай жинала бастаған, полиция оларды тексеріп, барлығынан алаңнан кетуді сұрады. Көбі үйіне қайтып кетті, — деді митингіні ұйымдастырушылардың бірі Маруа Ескендірова.

Ұйымдастырушылар полицияның кесірінен жиынға адам аз қатысты дейді.

— Митингіні түсірейін деп алаңға келе жатқанмын, полицейлер жолымды кес-кестеді. Олар мұнда не істеп жүренімді сұрап, құжатымды тексерді. Блогер екенімді айтқан соң, босатып жіберді, —деді Азаттыққа сұхбат берген Асланбек Сейсембаев.

Мәметова алаңын қатаң күзетудің себебін сұраған Азаттық тілшісіне полиция департаментіндегілер «митинг» деп қысқаша жауап берді.

Митингіде сөз сөйлегендер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуға және жалға беруге тыйым салуды талап етті және Қытайдың Қазақстан экономикасына ықпалының күшеюіне қарсылық білдірді. Жұрт саяси реформа жүргізіп, азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту туралы да талап қойды. Маруа Ескендірованың айтуынша, алаңға келген қалалық және облыстық әкімдік қызметкерлері митингіге ресми рұқсат болмағандықтан, оны өткізуге «тыйым салатындарын» айтқан.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов азаматтар «жер мәселесі бойынша акция өткізуге» жиналғанын хабарлады. Оның айтуынша, «заңды түсіндіріп», «жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасы туралы ақпарат бергеннен кейін» жиналғандар тарап кеткен.

Ұйымдастырушылар 21 сәуірде Қазақстан жерін сатуға қарсы митинг өткізетіндерін айтып, жергілікті әкімдікке хат тапсырған. Ертесінде Орал әкімдігі пандемияға байланысты енгізілген карантинге сілтеме жасап, өтінішті кері қайтарған.

Митинг қарсаңында оны өткізу жөнінде әкімдікке хат бергендердің бірі, бұрын бірнеше рет пикетке шыққан Бекболат Өтебаевтың «митинг, пикет, шеру өткізу тәртібін бұзғаны үшін» 10 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды (әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 8-тармағы).

Оның қамалғанын азаматтық белсенді Бауыржан Әліпқалиев хабарлады. Өтебаевты үйінен полиция бөліміне алып барған соң оған дүйсенбі күні сұрақ-жауапқа келуі керек деген шақырту берген. 24 cәуірде таңертең полиция бөліміне жеткізілген Серік Қаяпқалиевке де осындай шақырту тапсырылған.

Жер заңына қарсы адамдардың митингілері өтеді деген сенбі күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде белсенділерге қысым жасалғаны туралы ақпарат көбейді. Наразы жұрт сенат қарауында жатқан жерге қатысты заң жобасына наразылық білдіріп, осы күні көшеге шығатындарын мәлімдеген. Көп қаланың әкімдіктеріне берген өтініштер қанағаттандырылмады. Жергілікті билік органдары негізінен коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген шектеулерді негізге алып, өтініштерді кері қайтарған.

Осы күні әкімдіктің тыйымына қарамастан, Алматыда 200-ге тарта адам қатысқан наразылық жиыны өтті. Шараға жиналғандар шетелдіктердің «орман шаруашылығы мақсатына ауылшаруашылық жерін жалға алуына рұқсат беретін» бұл заң «елдің ұлттық қауіпсіздігі мен егемендігіне қатер төндіреді» деген пікір айтты.

Радио Азаттык

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Утебаев БекболатБольше записей в Утебаев Бекболат »
.