14 маусымда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді «экстремистік ұйымның жұмысына араласты» (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталғандарға араша сұрап, АҚШ елшілігіне барды. Белсенділердің наразылығы Нұр-Сұлтанда ресми сапармен жүрген американдық дипломат Залмай Халилзадтың Ақордадағы кездесуімен тұспа-тұс келді.
Белсенділердің наразылығына бүгін, 14 маусымда прокурордың «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» жұмысына араласты деп айыпталған белсенді Асқар Қайырбекке бір жарым жыл түрме жазасын сұрауы да себеп болған.
Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы және елдің басқа да қалаларында Асқар Қайырбек бастаған ондаған белсенді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» қозғалысының жұмысына араласты деп істі болып жатыр. Қазақстан бұл екі ұйымды «экстремистік» деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент өз қарарында ҚДТ мен «Көше партиясын» «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Адвокат Гүлшат Дүйсенованың Азаттыққа айтуынша, 14 маусым кешке белгіленген Қайырбектің сот процесін аяқ асты таңертеңгі уақытқа ескертпестен ауыстырып жіберген.
— Сот 14 маусым күні сағат кешкі беске белгіленген еді. Ербол Есхожин (405-бап бойынша айыпталған) соты үстінде аяқ асты үзіліс жарияланып, Асқар Қайырбектің соты өтетіні хабарланды. Асқар Қайырбектің өзі де мұны білмеген. Оны әкетіп бара жатқанда серуенге шығарып жатыр деп ойлаған. Ал тез аяқталған сот отырысында іске мүлдем қатыспаған прокурор Лаура Абыжанова оған бір жарым жыл түрме жазасын сұрады, — дейді адвокат.
Соттан кейін белсенділер Нұр-Сұлтандағы Хазірет Сұлтан мешіті алдына жиналып, кейін ағылшын тілінде жазылған «Адам құқығы қанша тұрады?», «Көше партиясы» мен ҚДТ қозғалысын қудалауды тоқтат!» және басқа да талаптар жазылған плакат ұстап, АҚШ елшілігіне барды.
Жолай өзін әкімдік өкілімін деп таныстырған адам олардың жолдарын кес-кестеп, «жиын заңсыз» деп мәлімдеп, оларды тарқатып жіберуге тырысты.
Бірақ оны тыңдамаған белсенділер «Бостандық! Саяси тұтқындарды босатыңдар!» деп айқайлап, АҚШ, Канада, Еуропа елдері елшіліктерінен көмек сұрады. Олар осы күні Нұр-Сұлтанда ресми сапармен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жолыққан АҚШ-тың Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісім бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзадты өздерімен кездесуге шақырды.
— Залмай Халилзад бізге шығып, астаналық белсенілерді қолдауды сұраймыз! Себебі бізді еш себепсіз соттап жатыр. Қазір 11 адам кінәсіз қамауда отыр. Белсенді Асқар Қайырбекті бір жарым жылға түрмеге отырғызбақшы, — деді белсенді Нұрлан Алтынбаев айқайлап.
Жиналғандар арасында жарты жылдан астам уақыт қамауда отырған белсенді Ербол Есхожиннің анасы Дина Есхожина да болды. Ол елшіліктің алдындағы наразылықта баласын босатуды сұрады.
— Ербол ештеңе жасаған жоқ. Ол тек өзінің досы Дулат Ағаділге (Нұр-Сұлтан түрмесінде көз жұмған белсенді — ред.) үй салып берді. Ол көсіліп сөйлейтін шешен де емес. Есхожинге, Асқар Қайырбекке және басқа белсенділерге бостандық талап етемін, — деді ол.
Жиналған белсенділерді полиция өкілдері мен қарапайым киінген адамдар видеоға түсіріп жүрді. Елшіліктің бір жақ қапталында полиция көліктері, автобустар мен арнайы жасақ тұрды. Әкімдік өкілімен дегендер қайта-қайта келіп, наразылардың тарауын талап еткенімен ешкімді ұстамады.
Азаматтық белсенділер Нұр-Сұлтанда өздерін қудалауды тоқтатуды талап еткен акцияны жиі өткізеді. Бірақ әр акциядан соң айыппұл алып не бостандығы шектеу жазасына тартылып жатады.
- «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын шетелге қашқан экс-банкир, билікті сынап жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Прокуратура «Көше партиясы» ҚДТ қозғалысына қатысы бар деп санайды. «Көше партиясының» белсенділері өздерін «тәуелсізбіз» дейді.
- Қазақстан ҚДТ мен «Көше партиясын» экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.
- Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазір елде ҚДТ және «Көше партиясы» қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 300-ден аса белсенді бар.
Сания Тойкен
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.