Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсендінің аштық жариялағаны хабарланды, түрме әкімшілігі жоққа шығарады

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, екі айға қамалған белсенді Жанмұрат Аштаевтың аштық жариялағаны хабарланды. Белсендінің адвокаты мен әйелі сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, оны өткізбеген соң Аштаев осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтады. Ал Аштаев отырған ИЧ 167/11 мекемесінің әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Адвокат Мұрат Жолшиевтің сөзінше, 8 қаңтарға қараған түні Аштаевтың үйіне басып кірген полиция қызметкерлері оған қару кезеніп, алып кеткен. Әл-Фараби аудандық полиция департаментінде соққыға жыққан. Дене жарақатының ауырлығын анықтау үшін 12 қаңтарда прокуратура сот-медициналық сараптама тағайындаған, бірақ әлі күнге өткізілмеген.

– Кеше кешке (24 қаңтарда – ред.) Жанмұратпен кездестім. Ұсталған кезде соққыға жығылып, қабырғасы мен аяғына зақым келген. Карантин бітті, кештен бастап аштық жариялаймын деді. Түрмеде қысым көрмеген. Түрменің аты түрме, жағдайы жақсы деп айта алмаймын, – деді Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова.

Аштаев қамауда жатқан Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан ИЧ 167/11 түзеу мекемесінің басшысы Ермек Жалғасбаев Азаттыққа белсендінің аштық жариялап жатқанын жоққа шығарды.

Аштаевқа 4 қаңтар күні түнде қаланың Республика көшесіндегі «Колос» аялдамасында митинг ұйымдастырып, 5 қаңтар күні қала әкімдігі жанындағы көрме орталығын қиратты деген айып тағылған. Бірақ белсендінің әйелі Аштаев 4 қаңтар күні туған жері Ұзынарық ауылында, 5 қаңтар күні жұмыста болғанын айтады.

Аштаев Қылмыстық кодекстің «Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу» (269-бап) бабымен күдікке ілінген. Қалалық тергеу соты оны екі айға қамаған. Апелляциялық шағым түсіргенімен, 15 қаңтар күні қалалық сот оны қамауда қалдырған.

Шымкентте наразылық 4-6 қаңтар күні болды. Қаңтар оқиғасына байланысты қалада 10 белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалған. Бұған дейін құқық қорғаушылар белсенділер мен бейбіт азаматтардың ұсталуына алаңдаушылық білдірген.

"Полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2021 жыл.

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Аштаев ЖанмуратБольше записей в Аштаев Жанмурат »
.