Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Алматыда «митинг орны» ретінде белгіленген Орталық саябақ жабылады

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 1 мамыр күні жаппай наразылыққа шақырған тұста Алматыда Орталық саябақтың жабық болатыны хабарланды. Қуғындағы бұрынғы банкир жақтастарын сенбі күні дәл осы паркке жиналуға үндеген еді.

Алматының мәдениет және демалыс орталық паркінің ресми сайты 1 мамырда паркте дезинфекция жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

Жергілікті әкімдік демалыс күндері қоғамдық көліктің аталған саябаққа бармайтынын да хабарлаған. Сенбі күні «жол жөндеу жұмыстарына» байланысты паркке апаратын Гоголь көшесі де тұтас жабылады.

Ал кейбір қалалардың прокуратура өкілдері тұрғындарды «рұқсат етілмеген акцияға» қатыспауға шақырды. Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Мырзакеров мәлімдеме таратып, «әлеуметтік желіде экстремистік ұйым идеяларын қолдайтын жекелеген тұлғалар Нұр-Сұлтанда заңсыз митинг пен шеру өткізуге шақырып жатыр. Қала прокуратурасы митингіні ұйымдастыру мен өткізу тәртібін жаңа қабылданған «Бейбіт жиын өткізу тәртібі» туралы заң реттейтінін еске салады» деп жазған. Прокурор заң талабын орындамағандар әкімшілік жазаға тартылады деп ескерткен.

Митинг қарсаңында Қазақстанның түкпір-түкпірінде жаппай белсенділердің ұсталып, қамалып жатқаны, полиция бөлімшесіне шақырылып жатқаны хабарланды30 сәуірде Ақтауда кемінде екі белсенді «митинг заңын бұзғаны үшін» 5-15 тәулікке қамалды. Бір күн бұрын Алматы мен Шымкентте белсенділер әкімшілік қамауға алынған. Әлеуметтік желіде кейбір белсенділер полицияның үйлерін торуылдап жүргеніне шағымданды.

Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» және «Көше партиясы» елде «экстремистік ұйым» ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған, бірақ жақтастары сот шешімдерімен келіспейді. Еуропарламент екеуін де оппозициялық қозғалыс деп атаған.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда «пікір айту еркіндігі» шектелетінін, «бейбіт жиналу құқығы» жиі бұзылатынын айтады. Былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, азаматтар жергілікті билікке митинг өткізетінін алдын ала ескертуі тиіс. Бұл заңды билік өкілдері «ірі демократиялық қадам» деп мақтаған. Ал жергілікті және халықаралық сарапшылар заң бейбіт жиын өткізу тәртібін жеңілдетпеді, ескі шектеулер бұрынғыша сақталып қалды деп санайды.

Радио Азаттык

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.