Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ақордаға бармақ болған қызылордалық көп балалы әйелдерді арнайы жасақ бөгеді

Әлеуметтік мәселелеріне шағымданып, Қызылордадан келген оннан астам әйел 27 сәуірде күндіз Ақордаға бармақ болған еді. Алайда арнайы жасақ олардың жолын бөгеп, өткізбеді. Наразылардың арасында бала жетектеген, аяғы ауыр әйелдер де болды.

«Біз баспана, жәрдемақы, бала күтімі және денсаулық мәселесі бойынша келіп тұрмыз. Жергілікті биліктің берген уәдесінен шаршадық, әлеуметтік көмекті күте-күте төзіміміз таусылды, амалсыздан осында келдік» деді олар Азаттық тілшісіне.

— Бес балам бар. Бұған дейін Қызылорда билігіне мәселелерімізді шешіп беруді талап етіп, талай рет бардық. Бірақ нәтиже жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Біреудің үйіне тұрақты тіркеуге тіркелген едім, ол жалған болып шығып, сүйтіп атаулы көмек алты айға артқа кетіп қалды. Баспана кезегінде 2012 жылдан бері тұрып келеміз. Осы уақытқа дейін не атаулы көмек алмай, ештеңе алмай күн көріп келе жатырмыз. Қашан бізге көмек беріледі, баспана мәселеміз қашан шешіледі? – деді әйелдердің бірі Жанар Нұркенова.

Үш баланың анасы Перизат Әбуова да әлеуметтік көмектің мардымсыздығына шағымданып, «билікке үнін жеткізу үшін амалсыздан жол жүріп келгенін» айтты.

Алайда оларды Ақордаға бара жатқан жолда арнайы жасақ бөгеді. Ашынған аналар «Сендер Тоқаевты қорғайсыңдар ма, әлде халықты қорғайсыңдар ма? Ана мен баланы қорғаңдар!» деп айқайлады.

Ақыры Ақордаға өте алмаған әйелдер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына барып, қабылдау бөлмесіне жазылуға тырысты.

Кейінгі кезде әлеуметтік мәселелерін айтып шағымданған көп балалы әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер наразылығы жиіледі. 26 сәуірде Шымкентте бір топ әйел қала әкімдігіне барып, баспана мәселесін шешуді, әр балаға 42500 теңгеден төлеуді тағы да талап еткен. Қала әкімі шықпаған соң наразы әйелдер әкімдік маңындағы жолды жабуға тырысқан.

Қарай отырыңыз: «Көлгінов талабымызға құлақ аспады» деген әйелдер Тоқаевқа қайырылды (1 сәуір 2021 жыл).

Өркен Жоямерген

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.