Telegram чаты үшін істі болған Ақбердиеваның соты басталды

Ақтау қалалық сотында Теlegram чатындағы хабарламасы үшін «билікті басып алуды, Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертпек болды» деп айыпталған 38 жастағы Айгүл Ақбердиеваның соты басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа Айгүл Ақбердиеваның туыстарынан бөлек оны қолдау үшін Ақтау тұрғындары мен Атырау қаласының бірнеше тұрғыны да келді.

Айгүл Ақбердиева өзінің қылмыстық іспен таныспағанын айтып, соттан оның орыс тіліндегі көшірмесін, әсіресе сот сараптамасының орыс тіліндегі нұсқасын беруді сұрады. Ол сонымен қатар жуырда ғана күйеуі үш жылға сотталғанын, сот кезінде күйеуінің әкесі қайтыс болғанын айтып, сотқа дайындала алмағандықтан процесті кейінге қалдыруды сұрады. Ақбердиева бұған қоса кәмелетке толмаған қызы Жансая Қуандықтан да куәгер ретінде жауап алуды сұрады.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева оның сөзін толықтай қолдап, соттан қылмыстық істің орыс тіліндегі аудармаларымен танысуға рұқсат беруді сұрады.

Судья сотталушының сот материалымен таныспағанын прокурор Ермек Нұрбергеновтің кемшілігі екенін айтып, прокурорға іс материалын дайындап беруді тапсырды.

Судья сотталушы жасаған өтініштердің бәрін қанағаттандырып, сот процесі келесі дүйсенбі — қазанның 1-інде жалғасатынын хабарлады.

Айгүл Ақбердиеваға қатысты қылмыстық іс 26 маусымда қозғалған. Тергеушінің айыптау актісінде Айгүл Ақбердиеваның 2017 жылдың желтоқсанында Instagram әлеуметтік желісінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қосылуға үндеген бағдарламасымен танысқан соң онда билікке қарсы пікір пайда болғаны туралы айтылған. 2018 жылдың ақпан айында «Айкена», «Айкен», «Айгөлек» никтерімен Telegram желісіндегі «ДВК активист» тобына тіркеліп, билікті құлатуға шақырған бірнеше хабарлама жазғаны көрсетілген.

Айгүл Ақбердиеваның күйеуі Авлобас Жұмаевты Ақтау қалалық соты қыркүйектің 20-cы күні «рулық, әлеуметтік алауыздық тудырды», «билікті күштеп құлатпақ болд» деген айыптарман үш жылға бас бостандығынан айырған еді. Абловас Жұмаевтың өзі айыбын мойындаған жоқ.

Оқи отырыңыз: Ақтау тұрғыны «ҚДТ чаты» үшін сотталды

Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған.

https://www.azattyq.org