Полиция мені дүкенге алып барып, алып қайтты

ПОЛИЦИЯ МЕНІ МӘШИНӘСІМЕН ДҮКЕНГЕ АЛЫП БАРЫП, АЛЫП ҚАЙТТЫ…

Бүгін, яғни, 17-желтоқсан күні сағат 11-ден кете үйден шығып, тротуармен келе жатқанымда, соңымнан менің «жеке күзетшілерім», полиция капитандары Жарманов Самат пен Сағындықов Еркебұлан қуып жетіп тоқтатты: «Аға, қайда барасыз?». «Жігіттер, дендерің сау ма?! Сонда қалай, маған енді үйден аттап басып шығуға, өз шаруаларыммен барғым келген жерге баруға болмайды ма? Кешегілерің аз болып, тағы да соңымнан қалмайсыңдар, мынау масқара болды ғой!!!». «Аға, бұйрық солай, бастық сізге келсін деп жатыр». «Ешқайда бармаймын. Мен азық-түлік алу үшін дүкенге бара жатырмын». «Дүкен міне емес пе?». (Бұл «диалог» мен тұратын үйдің бұрышындағы «Малика» дүкенінің жанында болған). «Қарағым, мен зейнеткермін, сондықтан арзандау «Магнум» дүкеніне барам». «Ендеше сізді сонда алып барайық». «Жақсы, мейілдерің білсін».
Мені мәшинәға отырғызды. Рулде учаскелік майор Төлеев Талғат екен, жүріп кеттік. Жолшыбай кешегі «лекцияма» қосымша тағы біраз әңгіме айтып, «миларын ашыттым». Соның ішінде: «Сендер ғой, өздеріңді еркек, азамат санайсыңдар. Ал, мына оңбаған биліктің бүкіл полицияны қуыршақ орнына ұстап, халыққа қарсы ұят тірліктерге пайдаланып жатқанын түсінесіңдер ме? Дендерің сау, аяқ-қолдарың бүтін, тепсе темір үзетін жігітсіңдер, «екі қолға бір күрек» дегендей, басқа жұмыс табылар еді ғой. Мен өз басым бүйтіп нан тапқанша, аштан өлгенді дұрыс көрер едім», – дедім. «Күзетшілерімде» үн жоқ. 
Дүкенді аралап, ол-пұл алып жүріп байқаймын, әлгі байғұстар әр жерден сығалап, мені әлі аңдып жүр! Керегімді алып, кассаға келсем, екеуі отырғышта күтіп отыр. Орындарынан тұрып, кассадан өткен азық-түлікті пакеттерге салды. Менің соңымнан еріп, пакеттерді алып жүрді. Мәшинәға отырдық. 

Қайтып келе жатқанда: «Бір есептен, мыналарың маған жаман болмады. Қанша айтқанмен, жаяуға біраз жер еді. Ендеше, келесі жолдары дүкенге барарда сендерге хабарласып тұрайын, мақұл ма?» – дедім. Бұлар не айтарға білмей күмілжіген соң: «Мен рас айтам, хабарласам», – дедім. Содан кейін ғана үндері шықты: «Енді.., қолдарымыз тисе.., келеміз ғой…».
Екі капитан пакеттерді пәтерімнің есігіне дейін жеткізіп салып, қоштасты.

Ай, қайран жігіттер-ай! Бір жағынан, әбден есінен ауысып, алжып кеткен диктаторлық режимге халқымызды қорлауға көмектесіп, екінші жағынан, өздерің де қор болып, бүйтіп жұмыс істегендерің құрысын…